Экран алдындағы тактика мен спорт алаңындағы шеберлікті бір нәтижеге біріктіретін фиджитал жарыстары әлемдік спорттың жаңа бағытына айналып келеді. Оның ауқымын Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі көрсетеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Болашақ ойындары» дегенде көпшіліктің ойына алдымен Dota 2, PUBG немесе Mobile Legends секілді киберспорт ойындары түседі. Алайда турнирдің басты ерекшелігі виртуалды сайыспен шектелмейді. Мұнда экрандағы тартыс нақты алаңдағы спорт бәсекесімен жалғасады.
Фиджитал атауы ағылшын тіліндегі physical және digital сөздерінің бірігуінен шыққан. Спортшылар әуелі белгілі бір спорттың цифрлық нұсқасында сынға түсіп, кейін сол бәсекені шынайы алаңда жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңде жиналған ұпай немесе голдың жалпы есебі арқылы анықталады.
Астанадағы турнирге 50-ден астам ұлттың өкілі саналатын 800-ден аса спортшы қатысады. Жарыс елорданың төрт нысанында өтіп, бағдарламаға сегіз бағыт енгізілген. Жүлде қоры 4 миллион доллардан асады.
Көрерменді бірден баурайтын бағыттың бірі – фиджитал-футбол. Командалар алдымен консольдегі футбол ойынында төрт ойыншымен жарысып, одан кейін бес адамдық шағын футбол алаңына шығады. Цифрлық және физикалық кезеңде соғылған голдар бір есепке біріктіріледі.
Астанаға фиджитал-футболдың түрлі мектебін қалыптастырған халықаралық клубтар келеді. Олардың қатарында уругвайлық Peñarol, испаниялық LOS TRONCOS FC және Оңтүстік Африка Республикасының ORLANDO PIRATES FIVES командалары бар. Атақты клуб атауларын иеленген ұжымдар жаңа форматта өздерінің ойын мәдениеті мен тактикасын көрсетуге мүмкіндік алады.
Жарысқа UEL Team, Club Holcattes, FC OLYMPIC PHYGITAL, Oeste SP, FFK Rotor және халықаралық іріктеуден өткен өзге командалар да қатысады. Бір алаңда Латын Америкасы, Еуропа, Африка мен Азия өкілдері кездеседі. Сондықтан Астанадағы фиджитал-футбол турнирі клубтардың халықаралық тартысына айналмақ.
Футболдан симуляторға дейін
Фиджитал-баскетбол да осыған ұқсас қағидамен өтеді. Екі адамнан құралған командалар алдымен консольде 2×2 форматында ойнап, кейін бір шығыршық орнатылған шынайы алаңда жеті минуттық кездесуге шығады. Екі кезеңде жиналған ұпай қосылып, жалпы көрсеткіші жоғары команда жеңіске жетеді.
Баскетбол бәсекесіне испаниялық Valencia Basket пен аргентиналық Boca Juniors секілді танымал клубтар қатысады. Оларға Dangerous, Team Apex, Paris Phygital, MINSK, Club Pepesqueros және басқа да халықаралық ұжымдар қарсы тұрады. Тізімде қазақстандық PBC Astana командасы да бар.
Қазақстандық жанкүйер үшін PBC Astana-ның қатысуы турнирге ерекше мән береді. Жергілікті команда әлемнің мықты ұжымдарымен бір алаңда ойнап, цифрлық дайындық пен физикалық шеберліктің жаңа үлгісін көрсетуге мүмкіндік алады. Үйдегі көрерменнің қолдауы да қазақстандық спортшыларға қосымша серпін бермек.
Фиджитал спортының тартымдылығы екі түрлі аудиторияны бір арнаға тоғыстыруында жатыр. Мұнда жылдам реакция, тактикалық ойлау, дене дайындығы, командалық үйлесім және бір форматтан екіншісіне тез бейімделу қабілеті қатар сыналады. Тек контроллерді немесе тек допты жақсы меңгеру чемпион атануға жеткіліксіз.
Сондықтан фиджиталды дәстүрлі спорттың қарсыласы ретінде қабылдау дұрыс болмас еді. Цифрлық технология алаңдағы шеберлікті алмастырмайды, керісінше спортшының мүмкіндігін басқа қырынан тексереді. Жаңа формат спорт пен ойын индустриясының арасындағы бұрынғы шекараны біртіндеп жойып келеді.
«Болашақ ойындары – 2026» бағдарламасына фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-шутер, фиджитал-би және фиджитал-жекпе-жек енгізілген. Сонымен бірге MOBA PC, MOBA Mobile және корольдік шайқас бағыттары бойынша жарыс өтеді. Алдыңғы турнирдің трансляциялары 461 миллионнан астам қаралым жинап, 137 миллион бірегей көрерменді қамтыған.
Қазақстан үшін мұндай доданы қабылдау халықаралық турнир өткізумен ғана шектелмейді. Астана спорт, технология және цифрлық индустрия түйісетін жаңа қозғалыстың маңызды орталығына айналуға мүмкіндік алып отыр. Экраннан басталып, алаңда жалғасатын бәсеке спорттың болашағының алыста емес екенін көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







