Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Серік Шәпкеновті Атырау облысының әкімі қызметінен босатты. Тиісті Жарлыққа Президент қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Серік Шәпкенов ел экономикасы үшін айрықша маңызы бар мұнайлы өңірді 2022 жылғы 7 сәуірден бері басқарды. Оған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған. Сондай-ақ әр жылдары Атырау қаласының әкімі болған.
Серік Шәпкенов 1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-математик» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын оқытушылықтан бастап, кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. Қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманынан Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторына дейін көтерілді.
2016 жылы Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. 2020 жылы Үкімет құрамына өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейін министр қызметін атқарды.
Атырау облысының жаңа әкімінің есімі әзірге жарияланған жоқ. 17 шілдеге облыстық мәслихат депутаттарының жиыны белгіленген. Сол отырыста өңір басшысы қызметіне ұсынылған кандидатура қаралады.
Бұған дейін бір мезетте екі облыста кадрлық ауыс-түйіс болатыны айтылған еді. Атыраумен қатар 17 шілдеде Ұлытау облыстық мәслихатының да жиыны өтеді. Қазір Ұлытау облысын Дастан Рыспеков басқарып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







