«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Атырау облысына барып, Атырау мұнай өңдеу зауытының, TEXOL зауытының және «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Түркістан мен Маңғыстау облысына жасаған сапарынан соң, Атырауға келуінің өзіндік мәні бар. Қазақстанның қара алтыны молынан шоғырланған бұл өлке елдің басты өнеркәсіп орталығы. Мұнда үш ірі мұнай зауытының бірі орналасқан. Ол жерде республикадағы мұнайдың едәуір бөлігі өндіріледі. Атырауда теміржол техникасын, мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Сондықтан кандидаттар таңертең дәл осы өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтармен кездесті. Әртүрлі кәсіпорында еңбек ететін атыраулықтардың кандидаттарға қойған сауалдары бір арнаға тоғысты. Оларды өнеркәсіптің даму перспективасы, отандық өндірушілерді қолдау үшін қандай шаралар қабылданатыны, білікті кадрлар тапшылығының қалай шешілетіні, еңбек қауіпсіздігі саласында қандай өзгерістер болатыны және өндіріске енгізілетін заманауи технологиялардың рөлі қызықтырды.

Әуелі Құрылтай депутаттығына кандидаттар Рауан Кенжеханұлы, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжанов пен Арман Хайруллин «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып шықты. Содан кейін кәсіпорын ұжымдарымен ашық пікір алмасуға көшті. Кездесулердің соңына қарай партия өкілдері жұмысшылар талап-тілектерін республикалық сайлауалды штабқа жолдайтынын айтты.
Кандидаттардың сөзінше, кәсіпорындарда көтерілген мәселелердің көпшілігі партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Өйткені бағдарламаның басты бағыттарына қуатты әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, заманауи технологияларды енгізу, отандық бизнесті қолдау, жаңа салаларға қажетті мамандар даярлау және өңірлерді дамыту кіреді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымымен кездесуде партия төрағасы Айбек Дәдебай Атырау облысы — еліміздің энергетика жүрегі екенін атап өтті. Осыған байланысты энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының он негізгі басымдығының бірі ретінде белгіленген.
Бұған дейін бағдарламада қамтылған бағыттарды сарапшылар оң бағалаған еді. Экономист, Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова бағдарламаның экономикалық мазмұны қазіргі әлемдік даму үрдістеріне сәйкес келетінін айтты.
Оның сөзінше, бағдарлама жеке меншікті қорғауға, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға басымдық береді. Сарапшы сонымен қатар экономиканың өңдеу салаларын және шикізаттық емес бағыттарды дамытуға арналған курсты маңызды қадам ретінде атап өтті. Оның пікірінше, бұл Қазақстанға мұнай-газ саласына тәуелділікті азайтып, экономиканың басқа да бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н. Т. Мыңжасаров.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







