Атырауда саябақтар мен жағалау аумағын біртұтас серуендеу бағытына біріктіретін жаңа қалалық кеңістік қалыптасуы мүмкін. Өңір әкімі Болат Ақшолақов урбанистермен кездесіп, облыс орталығының мастер-жоспарын әзірлеу тұжырымдамасын талқылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде қалалық ортаны дамытудың заманауи тәжірибелері мен жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру тетіктері қарастырылды. Негізгі мақсат Атыраудың архитектуралық ерекшелігін сақтай отырып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Мастер-жоспарда көлік қозғалысы, көгалдандыру, демалыс орындары мен инженерлік инфрақұрылым өзара үйлестірілуі тиіс.
Алғашқы бастамалардың бірі ретінде қаланың бірнеше маңызды нүктесін байланыстыратын серуендеу бағытын құру ұсынылды. Бағыт Жеңіс саябағын, жаяу жүргіншілер көпірін, Тұрғындар қалашығы саябағын, Ретросаябақты және жағажайды қамтиды. Осы нысандарды бір желіге біріктіру Жайық жағалауын тұрғындар мен туристер үшін тартымды қоғамдық кеңістікке айналдыруға мүмкіндік береді.
Жобада қаланың «жасыл қаңқасын» дамытуға айрықша мән берілмек. Мамандар Атыраудың күрделі климаттық жағдайына бейімделген ағаш түрлерін таңдау, көшеттерді дұрыс отырғызу және күтіп-баптау талаптарын жүйелеуді ұсынды. Осы мақсатта қала аумағындағы көгалдандыру жұмыстарына ортақ тәртіп енгізетін арнайы жарғы әзірлеу қарастырылып отыр.
Болат Ақшолақов мастер-жоспардың қағаз жүзіндегі құжат болып қалмауы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, урбанистер, салалық басқармалар және жергілікті мамандар тұрақты байланыста жұмыс істеп, әр шешімнің орындалу тетігін алдын ала белгілеуі қажет. Тұжырымдаманы әзірлеумен қатар тұрғындар күнделікті сезіне алатын алғашқы абаттандыру жобалары да іске қосылуға тиіс.
Жаңа тәсіл қаланы жекелеген нысандар арқылы емес, біртұтас тірі жүйе ретінде дамытуға негізделеді. Мұнда саябақтар, жағалау, жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс аймақтары өзара сабақтасып, қаланың ортақ кеңістігін қалыптастырады. Нәтижесінде Атыраудың табиғи ерекшелігі мен тарихи болмысын сақтайтын жаңа урбанистік келбет пайда болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







