Қазақстанда міндетті автосақтандыру құнын есептеу жүйесі өзгереді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулы жобасын әзірледі. Құжатта көлік иелері үшін сақтандыру сыйақысын есептеуге қолданылатын «бонус-малус» жүйесін қайта қарау көзделген. Жаңа тәртіп барлық жүргізушіге әсер етеді. Яғни апатсыз көп жыл жүргендер де, жол-көлік оқиғасына жиі себепкер болатындар да полисті жаңа шкала бойынша рәсімдеуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі жүйеде «бонус-малус» 15 кластан тұрады. Оның ішінде айыппұлдық М2, М1 және М кластары бар. Ал 13-класс ең ұзақ уақыт апатсыз жүрген жүргізушілерге беріледі. Класс жоғарылаған сайын коэффициент төмендеп, сақтандыру арзандайды.
Жаңа жоба бойынша М2 және М1 кластары алынып тасталады. Ең төменгі деңгей ретінде «М» класы ғана қалады. Оның коэффициенті 2,45 болады. Агенттік мұны статистикамен түсіндіріп отыр.
М1 және М2 кластарындағы жүргізушілердің үлесі жалпы көлік иелерінің небәрі 0,001 пайызын құрайды. Реттеуші шкаланы ықшамдау осы санаттағы ең жоғары сақтандыру құнын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Алайда ең қауіпті жағдайлар үшін бөлек тетік енгізіледі. Егер жүргізушінің кінәсінен болған жол апаты адам өліміне алып келсе немесе жол ережесін өрескел бұзу қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке жатса, жүргізушіге «М» класы беріледі. Оған 20 пайыздық көтермелеу коэффициенті қосылады. Нәтижесінде жалпы коэффициент 2,94 деңгейіне жетеді.
Сонымен бірге апатсыз жүрген жүргізушілерге арналған бонус кластарының коэффициенті де қайта қаралады. 4-кластан 13-классқа дейінгі жүргізушілер үшін коэффициент өседі.
Мысалы, ең жоғары 13-класта коэффициент қазіргі 0,50 деңгейінен 0,70-ке көтеріледі. Яғни бұрын 50 пайызға дейін жеңілдік берілсе, жаңа тәртіпте жеңілдік 30 пайыз шамасында қалады.
0, 1, 2 және 3-кластар бойынша коэффициент өзгермейді. Олар тиісінше 2,30, 1,55, 1,40 және 1,00 деңгейінде сақталады.
Қауіпті жүргізушілерге қымбат полис
Тағы бір маңызды өзгеріс сақтандыру компанияларының клиент тәуекелін жеке бағалауына қатысты. Қазір бір кластағы барлық клиентке бірдей коэффициент қолданылады. Жаңа жоба бұл тәсілді өзгертеді. Сақтандырушы бірыңғай сақтандыру базасындағы деректерге сүйене отырып, клиенттің тәуекелін өз әдістемесі бойынша бағалай алады.
Бірақ еркіндік шексіз болмайды. Компания тиісті класқа бекітілген коэффициенттен 10 пайызға төмен немесе 10 пайызға жоғары баға қоя алады. Қарапайым тілмен айтқанда, сақтандырушы кей жүргізушіге қосымша 10 пайыз жеңілдік бере алады немесе керісінше полис құнын 10 пайызға қымбаттатады.
Мұндай тәуекелді бағалау тәртібін компанияның директорлар кеңесі бекітуге тиіс. Ал қолданылған коэффициент әр клиент бойынша бірыңғай базаға енгізіледі.
Жобаның екінші бөлігі аумақтық коэффициенттерге қатысты. 2023 жылғы 7 маусымдағы №46 қаулыда есептілік үшін «сақтандыру сыйақылары» деген ұғымды «табылған сақтандыру сыйақылары» деп өзгерту ұсынылған. Сақтандыру тәжірибесінде бұл нақтырақ көрсеткіш саналады, себебі ол шарттың қолданылу мерзімін ескереді.
Ал аумақтар тізімі өзгермейді. Оған 17 облыс, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалалары кіреді. Түзету коэффициенттері бұрынғыдай жыл сайын бекітіліп, желтоқсаннан кешіктірілмей жарияланады.
Бұл өзгеріс миллиондаған қазақстандық жүргізушінің қалтасына әсер етуі мүмкін. Жаңа жүйе жолдағы тәртіпті, жүргізушінің апат тарихын және сақтандыру компаниясының тәуекел бағасын көбірек ескеруге бағытталған.
Бірақ апатсыз жүрген көлік иелері үшін жеңілдіктің азаюы қоғамда бөлек талқылануы ықтимал. Қаулының соңғы нұсқасы мен қабылдану мерзімі қоғамдық талқылау қорытындысына байланысты болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







