Қазақстанда жаңа рақымшылық аясында жүздеген мың азаматтың айыппұлы кешіріліп, бірқатар сотталған адамның жазасы жеңілдетілуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжілісте талқыланған заң жобасына сәйкес, биыл қылмыстық рақымшылыққа алдын ала есеп бойынша 15 мыңнан астам сотталған адам ілігуі мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында отырса, тағы 10 мыңға жуығы пробациялық бақылауда жүр.
Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбековтің айтуынша, былтырғы рақымшылық актісі бойынша 15 мыңнан астам сотталған адамның жазасы жеңілдетілген. Бір бөлігі босатылып, енді бірінің жаза мерзімі қысқартылған.
Өткен жылғы рақымшылықтан кейін түрмеден шамамен 2300 адам шыққан. Олардың ішінде 8 адам қайта қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мұндай көрсеткіш жалпы санмен салыстырғанда өте аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, қайта ауыр қылмыс жасағандарға жаңа рақымшылық қолданылмайды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері рақымшылықты 11-рет жариялағалы отыр.
Әкімшілік рақымшылық та ауқымды болмақ. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58 бабын қамтиды. Алдын ала есеп бойынша, 500 мың адам рақымшылыққа ілігеді. 1 миллионнан астам айыппұл кешірілуі мүмкін. Оның жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асады.
Ішкі істер министрлігі желісі бойынша кешірілетін айыппұлдардың негізгі бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.
Алайда әкімшілік рақымшылық барлық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды. Заңсыз есірткі және қару айналымына, сот шешімдеріне, қайталанған құқық бұзушылықтарға, жол қозғалысы ережесін қасақана әрі өрескел бұзуға және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жеңілдік қарастырылмайды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов биыл микро және шағын бизнес үшін осындай науқан өткенін еске салды. Оның айтуынша, 18 мың кәсіпкер негізгі салық берешегін төлеп, мемлекет оларға шамамен 300 млн теңге айыппұлды кешірген.
Жаңа рақымшылық 2370 бизнес субъектісіне қатысты болуы мүмкін. Бірақ ол мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарға және салық салу объектілерін әдейі жасыру деректеріне қолданылмайды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, жалпы алғанда 1,4 млн әкімшілік құқық бұзушылық туралы сөз болып отыр. Олардың жалпы сомасы 21,1 млрд теңгеге жетеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті бойынша 4 мыңнан астам құқық бұзушылық 446 млн теңгені құрайды. Әділет министрлігі желісі бойынша 561 құқық бұзушылық 16 млн теңгеге бағаланған. Өзге органдар бойынша шамамен 3 мың құқық бұзушылық 500 млн теңгеден асады.
Жаңа рақымшылық қылмыстық жазаны жеңілдету мен әкімшілік айыппұлдарды кешіру арқылы азаматтарға екінші мүмкіндік беруге бағытталған. Бірақ қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр және қайталанған құқық бұзушылықтар бұл жеңілдікке кірмейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







