«Ақ жол» демократиялық партиясын 15 жыл бойы үздіксіз басқарған Азат Перуашев төрағалық қызметінен кетті. Digital Business-ке берген эксклюзив сұхбатында саясаткер осы шешімнің нақты себебін түсіндіріп, партияның алдағы бағыты қалай өзгеретінін айтты деп жазды Ertenmedia.kz.
Сондай-ақ өзінен кейін партия тізгінін ұстаған Дания Еспаевға да әділ баға берді.
Перуашевтің айтуынша, оның кетуіне түрткі болған басты себеп партия ішіндегі тұрақты ротацияның қажеттігі. Ол бір адамның ұзақ уақыт бір орында отыруы ұйымның дамуына кедергі келтіретінін жасырмады.
«Жол басында қанша жерден прогрессивті болсаң да, бір орында ұзақ отырған басшы бәріне үйреншікті, қатып қалған көзқараспен қарай бастайды. Өз идеясына да сын көзбен қарау қабілетін жоғалтады. Ұйымның істеп жатқан ісіне басқа қырынан қарауға мүмкіндік бермесең, бұл дамуға емес, керісінше тежелуге әкеледі», — деді Перуашев.
Партияның жаңа төрайымы болып экономист әрі қаржыгер Дания Еспаева сайланды. Перуашевтің сөзінше, ол партия ішінде жоғары сенімге ие тұлға.
«Ақ жолдың» бағыты да өзгермек. Бұған дейін партия көбіне ірі, жүйелі, макроэкономикалық мәселелерге басымдық беріп келген. Енді назар өңірлерге, жергілікті филиалдардың жұмысына және шағын әрі орта бизнесті қолдауға көбірек ауысады.
«Біз осы уақытқа дейін жүйелі, ауқымды мәселелерге көбірек мән бердік. Ал шағын және орта бизнес туралы айтсақ, бұл ең алдымен өңірлік тақырып. Өйткені ол нақты жергілікті жердің қажеттілігі мен мүмкіндігіне тікелей байланысты. Сондықтан партияның өңірлік саясаты тұрғысынан филиалдарымыз бен жергілікті мәслихаттардағы фракцияларымызды күшейтуіміз керек», — деді саясаткер.
Экс-төраға жастарға жол ашуға дайын екенін айтты. Бірақ саясаттан біржола кетемін деп те кесіп айтқан жоқ. Жаңа депутаттық мерзімге қатысты мүмкіндікті жоққа шығармайды.
Перуашев «Ақ жолдың» басқарушы органдарында қала береді. Алдағы жоспары серіктестеріне сайлау науқанынан өтуге көмектесу және парламенттік партиялардың атқарушы билік құрамына толыққанды енуіне ықпал ету.
«Мені Құрылтайдан көресіздер ме? Бұл көп нәрсеге байланысты. Мен партия мүшесі болып қала беремін. Ал Құрылтай тізіміне кіремін бе, оны жоққа шығармаймын», — деді ол.
Сонымен бірге Перуашев басқа ұсыныстардың да түсе бастағанын жасырған жоқ. Айтуынша, төрағалықтан кететіні белгілі болған сәттен-ақ бизнес саласындағы таныстары хабарласа бастаған.
«Бизнестегі достарым байланысқа шығып жатыр: “Жұмыс бар, бізге кел” дейді», — деді Азат Перуашев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







