Жетісу облысында Балқаш жағалауындағы туризмді дамыту мақсатында Лепсі ауылындағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жұмыс сапары барысында Лепсі ауылындағы бірқатар нысанның құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысты.
Ең алдымен өңір басшысы жаңа теміржол вокзалы салынып жатқан құрылыс алаңына барды. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың тамыз айына жоспарланған.
Жаңа вокзал іске қосылғаннан кейін жолаушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Балқаш жағалауына келетін туристер үшін көлік қолжетімділігін арттырады.
Мердігер ұйым директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталған. Іргетастың монолитті-бетон жұмыстары толық біткен. Қазір ғимараттың қабырғалары қаланып жатыр. Жуық арада әрлеу жұмыстары басталады.
Жаңа вокзалдың жалпы аумағы 617 шаршы метрді құрайды. Жобада тамбур, вестибюль, күту залы, сауда алаңы, балалы жолаушыларға арналған бөлме, демалыс бөлмесі, санитарлық торап, әкімшілік және техникалық бөлмелер қарастырылған.
Бейбіт Исабаев нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ Лепсі ауылындағы полиция пунктінің ғимараты жөндеуден өтті. Нысан қазіргі талаптарға сай келтірілген. Қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін асхана мен демалыс бөлмесі ашылды. Екінші қабатта казармалық үлгідегі жатақхана бөлмелері жабдықталды.
Полиция пунктінде тұрақты түрде 5 қызметкер жұмыс істейді. Туристік маусым кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеке құрам саны 25 адамға дейін көбейтіледі.
Бұдан бөлек, Лепсі ауылында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құтқару бөлімшесінің 12 қызметкері тәулік бойы патрульдік қызмет атқарады.
Ауылдағы үлкен өзгеріс
Ауылдағы 30 орындық ауруханаға да күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биыл сәуір айында басталған. Қазіргі уақытта жоспардың 30 пайызы орындалды. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаевтың айтуынша, Лепсі ауылдық ауруханасына соңғы рет 2010 жылы жөндеу жүргізілген. Сондықтан ғимаратты қазіргі талаптарға сай жаңарту қажеттілігі туған.
Оның сөзінше, медициналық қызметке сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе туристік маусымда Лепсіге келетін демалушылар көбейеді. Өткен жылдың өзінде ауылдағы медициналық мекемеге 800 адам жүгінген.

Туристік маусым кезінде аудандық ауруханадан қосымша мамандар жіберіліп отырады. Жақын уақытта тағы үш дәрігер келуі тиіс.
Қазір аурухана ғимараты жөндеуден өтіп жатқандықтан, науқастарды жергілікті емхана қабылдап жатыр.
Бейбіт Исабаев келесі жылы осы емхана ғимаратына да ағымдағы жөндеу жүргізуді тапсырды. Осылайша, ауылдағы денсаулық сақтау саласының екі маңызды нысаны кезең-кезеңімен жаңартылады.
Өңір билігі Лепсі ауылындағы инфрақұрылымды дамыту Балқаш жағалауындағы туризмді жүйелі түрде өркендетудің маңызды бөлігі екенін атап отыр. Жаңа вокзал, жаңартылған полиция пункті, құтқару қызметі және жөнделіп жатқан аурухана туристерге де, жергілікті тұрғындарға да қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Балқаш жағалауын дамыту аясында мұндай нысандардың маңызы арта түседі. Себебі туристік аймақтың тартымдылығы тек жағажаймен өлшенбейді. Жол, вокзал, қауіпсіздік, медицина және қызмет көрсету сапасы қатар дамығанда ғана өңір толыққанды демалыс орталығына айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







