ForteBank-тің Home Credit Bank акцияларын толығымен иелігіне алып, чехиялық акционермен келісімді аяқтады. Forbes-пен сауалдасқан қаржы институты жетекшілерінің пайымынша, мәміле нарықтағы үлесті еселеп, цифрлық мүмкіндікті кеңейтудің төте жолы болмақ деп жазады Ertenmedia.kz.
ForteBank басқарушы директоры Талғат Қуанышев мәміленің логикасын банк өнімін әртараптандыру және жаппай нарық сегментін күшейте түсумен байланыстырды.
Айтуынша, Forte-нің бөлшек сауда блогы тарихи тұрғыдан «премиалды» бағытқа, яғни орта тап пен одан жоғары деңгейдегі клиентке бағдарланған. Ал нарықтағы бәсекелестік банктен жаңа бағыттарға шығуды шешуді талап еткен.
«Идея 2025 жылдың басында пайда болды. Home-ды ауқымды кеңейту үшін ғана емес, клиенттік базаны, инфрақұрылымды, сараптама мен жаңа құзыреттерді бір мезетте бере алатын комбинация ретінде қарастырдық. Forte-ге жаппай нарық деңгейінде техникалық қолдау қажет болды, осы тұрғыдан алғанда Home Credit Bank дәл табылған таңдауға айналды. Олар бөлшек сауда, шағын несие мен бөліп төлеу бағытында 20 жылдық табысты тәжірибе жинақтаған», — дейді Талғат Қуанышев.
Сонымен қатар, кәсіпкер мәміленің өте жедел, небәрі алты ай ішінде жүзеге асқанын атап өтті. Мажоритарлық акционерлер Болат Өтемұратов пен Иржи Шмейц жеке кездесіп, негізгі коммерциялық шарттар бойынша оңай уағдаласқан.
Қуанышевтың айтуынша ForteBank қазір Батыс стиліндегі икемді, сатылы басқаруы аз кеңсе мәдениетін қабылдап жатыр. Пайымдауынша, банк мәдениеті ең алдымен клиенттердің деңгейіне сай қалыптасуы тиіс.
Home Credit тәжірибелі кадрлары Forte экожүйесіне қалай сіңісуде?
Home Credit Bank басқарма төрайымы Шолпан Нұрымбеттің атап өткеніндей, интеграцияның басты артықшылығы қос банктің клиенттік базасында ешқандай үндестік пен қайталанудың болмағандығында.
Көбіне банктерді біріктіру кезінде аудиторияның қабаттасуы жиі кездесетін құбылыс болса, қазіргі жағдайда екі құрылым бір-бірін толықтырып, нақты тиімділікке қол жеткізген.
«Мен үшін ең сезімтал мәселе команданы сақтап қалу және ұйымдық тұрақтылықты қамтамасыз ету болды. Мұндай ауқымды мәміле қызметкерлер арасында белгілі бір уайым тудыратыны заңды. Біз негізгі мамандарды жоғалтпай, басқару тиімділігін жоғары деңгейде ұстап қалдық. Тіпті, Forte-ден тек мен ғана келдім, ал Home Credit-тің білікті топ-менеджерлер командасы Forte-нің бөлшек бизнес, IT және комплаенс бағытына барып, маңызды лауазымдарды иеленді», — деп атап өтті Шолпан Нұрымбет.
Интеграцияның алғашқы қаржылы нәтижесі де нарықтың бұған оң баға бергенін айғақтайды.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Home Credit Bank бағалы қағаздар нарығы арқылы рекордтық көлемде, яғни 69,7 миллиард теңгенің облигациясын сәтті орналастырған. Қорландыру құнының біртіндеп Forte деңгейіне жақындауы инвесторлардың сенімі артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, наурыз айында несие берудің айлық (50 миллиард теңге) және күндік (3,3 миллиард теңге) рекордтық көрсеткіштері тіркелді. Қазіргі уақытта IT-платформаларды, сату арналары мен ішкі процедураларды үйлестіру процесі жүріп жатыр екен.
Екі банк те 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлеуді жоспарлап отырған жоқ. Түскен барлық пайда капиталды нығайтуға және бизнестің ұзақмерзімді өсімін қолдауға қайта инвестицияланады.
Қытай валютасына сұранып артып келе ме?
Сонымен қатар, нарықтағы жаңа реттеушілік талаптар мен жоғары базалық ставка жағдайында банктер өз стратегияларын қайта қарауға мәжбүр.
Талғат Қуанышевтің айтуынша, несиелендірудің негізгі бағытында, әсіресе шағын және орта бизнес сегментінде жоғары ставкі мен салықтық өзгерістер салдарынан белгілі бір қысым байқала бастаған.
Осы ретте ForteBank өз портфелін теңгерімді күйде сақтап (бөлшек сауда, ШОБ және корпоративтік сектор), Қытаймен сауда-салтықтың артуына байланысты юаньмен қаржыландыруды белсенді дамытуда. Мысалы, жақында тартылған 750 миллион юань көлеміндегі синдикатталған несие нарықта небәрі екі аптаның ішінде игерілген.
«Реттеуші тарапынан бөлшек несие нарығын шектеу шаралары да банктерді агрессивті өсімнен гөрі сапалы андеррайтингке, жасанды интеллектіні енгізуге және операциялық шығындарды азайту үшін филиалдар желісін оңтайландыруға итермелеп отыр», — дейді осы тұста Талғат Қуанышев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







