Қазақстанда қаржы омбудсманының жұмыс тәртібін жаңарту ұсынылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы омбудсмандары мен қаржы омбудсманы қызметінің жұмысын реттейтін қаулы жобасын әзірледі. Құжат банктермен, сақтандыру компанияларымен және басқа да қаржы ұйымдарымен дауға тап болған азаматтар үшін шағым қарау тәртібін нақтылауға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы омбудсманына банк клиенттің мәселесін шешуден бас тартқан, сақтандыру компаниясы төлемді кешіктірген немесе несие бойынша дау тығырыққа тірелген жағдайда жүгінуге болады. Мұндай тетік азаматтарға сотқа бармай-ақ, дауды досудебті тәртіпте шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа құжатта бас қаржы омбудсманы мен қаржы омбудсмандарын сайлау тәртібі, кандидаттарға қойылатын талаптар және оларды келісу рәсімі белгіленеді. Сонымен қатар омбудсман қызметінің ішкі жұмысы, бақылау жүйесі және азаматтардың жеке деректерін қорғау талаптары нақты жазылмақ.
Жобада клиенттердің өтініштеріне бөлек назар аударылған. Онда шағым беру, оны тіркеу және қарау мерзімдері, сондай-ақ дау қорытындысы бойынша қабылданатын шешімдердің түрлері көрсетіледі.
Қаржы омбудсманы рөлі күшеймек
Қаржы омбудсманы дауды қарау үшін қаржы ұйымдарынан қажетті құжаттар мен түсініктемелер сұрата алады. Бұл клиент пен банк немесе сақтандыру компаниясы арасындағы мәселені толық әрі әділ қарауға мүмкіндік береді.
Қарапайым азамат үшін мұндай өзгерістің маңызы практикалық сипатта. Ереже неғұрлым анық жазылса, банк, микроқаржы ұйымы немесе сақтандыру компаниясымен туындаған дауда белгісіздік соғұрлым азаяды.
Соңғы жылдары Қазақстанда қаржы қызметтерінің көлемі артты. Соған сәйкес несие, сақтандыру, төлем, депозит және микрокредитке қатысты даулы жағдайлар да көбейіп келеді.
Сондықтан омбудсман институтын күшейту қаржы нарығындағы тұтынушы құқығын қорғаудың маңызды құралына айналуы мүмкін. Қазір қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







