Қазақстан банктерінің қоржынында қайтпай жатқан несие көбейген. Кредиторлар коллекторлық агенттіктерге өндіруге тапсырған берешек 1,1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 37,2 пайызға ұлғайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Finprom.kz дерегіне сүйеніп.
Коллекторлардың қарауына өткен қарыздың 85 пайыздан астамын банк несиесі құрайды. Бір жылдың ішінде аталған сома 682,7 млрд теңгеден 941,2 млрд теңгеге дейін өскен.
Дегенмен банктер борышты коллекторларға сатып жатқан жоқ. Қазақстанда 2024 жылғы шілдеден бері азаматтардың өтелмеген несиесі бойынша талап ету құқығын коллекторлық агенттікке беруге тыйым салынған.
Сондықтан қаржы ұйымдары қарызды өз балансында қалдырып, коллекторларды сотқа дейінгі өндіріп алу жұмысына ғана тартады. Агенттіктерге «жұмысқа берілген» берешек көлемінің күрт артуына осы тәртіп әсер еткен.
Ал коллекторлардың кредиторлардан сатып алған қарызы, керісінше, азайды. Өткен жылдың наурызында мұндай берешек бір трлн теңгеден асса, 2026 жылғы наурызда 727,7 млрд теңгеге дейін түскен. Бір жылдағы төмендеу 30,4 пайызды құрады.
Алайда көрсеткіш елдегі мерзімі өткен несие азайды дегенді білдірмейді. Коллекторлар өндіріп жатқан және бұрын сатып алған қарыздың жалпы сомасы 1,8 трлн теңге шамасында қалып отыр. Былтырғы деңгейден айырмасы небәрі 1 пайыз.
Берешек салмағы ауырлаған тұста қарызды реттеудің жаңа жолы іске қосылды. 1 шілдеден бастап Finkelisim.kz платформасы жұмыс істей бастады. Бірнеше кредиторға бірдей кепілсіз несиесі өтіп кеткен азаматтар енді қайта құрылымдау жөнінде жалғыз өтініш беріп, бес жылға дейінгі ортақ төлем кестесін рәсімдей алады. Әлеуметтік осал санаттағы қарыз алушылар үшін мерзім жеті жылға дейін ұзартылмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







