Қазақстанның вице-президенті кім болатыны алдағы 10 күн ішінде айқындалады. Тоқаев жаңа қызметке елге жақсы таныс, белгілі тұлға тағайындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтай сайлауында дауыс берген Мемлекет басшысы кандидаттың есімін дәл қазір атауға әлі ерте деп отыр.
«Вице-президент қызметіне қатысты сауалды жан-жақтан қойып жатырсыздар. Расында, бұл елеулі өзгеріс. Біз Ата заңда жаңа лауазымды саналы түрде бекіттік. Қазіргі күрделі кезеңде мұндай қызмет елімізге айрықша қажет», – деді Тоқаев.
Айтуынша, алғашқы вице-президенттің есімі келесі аптада немесе 10 күн ішінде белгілі болады.
«Ол ма, ол баршаңыз жақсы білетін белгілі адам», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев кандидаттың есімін құпия ұстағанымен, оның ел-жұртқа бейтаныс тұлға болмайтынын аңғартып отыр. Үлкен үй ойлап тапқан жаңа лауазым мемлекеттік басқару жүйесіне аса қажетті саяси институт ретінде бағалануда.
Вице-президенттің нақты өкілеті, мемлекеттік басқарудағы орны және Үкімет пен Президент әкімшілігімен жұмыс істеу тетігі кейінірек айқындалмақ.
Мемлекет басшысы мұнымен саяси реформалар аяқталмайтынын да айтты. Алда Халық кеңесінің жұмысын іске қосу міндеті тұр. Кей азаматтар су жаңа құрылымды атышулы Ассамблеясымен салыстырып жүргенін айтқан Тоқаев Халық кеңесінің аясы әлдеқайда кең болатынын меңзеді.
Президент алдағы кезеңге жоспарланған жобаларға да тоқталды.
«Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуға тиіс. Әрбір облыс орталығында, аудан мен қалада ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және өзге де әлеуметтік нысандар салынады», – деді ол.
Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауының өту барысына да оң баға берді. Пікірінше, саяси дода барысында қоғамдық алаңға жаңа тұлғалар шығып, мазмұнды әрі сындарлы ұсыныстар айтылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







