Бас прокуратура соңғы уақытта мессенджер қолданушыларын жаппай әбігерге салған алаяқтық әрекеттердің белең алуына байланысты шұғыл мәлімдеме таратты деп жазады Ertenmedia.kz.
Қауырт тараған жаңа ақпараттық шабуыл сан мыңдаған отандық қолданушының жеке парақшаcы мен қаржылық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр. Бас прокуратураға Қылмыстық қатерді болжау орталығының мәліметінше, қазіргі таңда қаскөйлер Telegram желісінің ресми қолдау қызметінің атын жамылып, жалған хабарлама таратуды әдетке айналдырған.
Олар қолданушыға «парақшаңызды өшіруге сұраныс түсті» деген мазмұнда хат жолдап, осы процедураны тоқтату үшін арнайы батырманы жедел басуды талап етеді.
Адамды асықтыру және психологиялық қысым жасау мақсатында әрекетті орындауға небәрі 24 сағат уақыт берілетінін, әйтпесе барлық хат-хабар, файлдар мен контактілер мәңгілікке жойылатынын айтып қорқытады.
Прокуратура өкілдері мәлімдегендей, іс жүзінде желіде аккаунтты өшіруді тоқтатудың мұндай процедурасы мүлде қарастырылмаған. Қолданушы үрейге бой алдырып, сілтеме арқылы жалған ботқа немесе фишингтік сайтқа өткен кезде, одан СМС арқылы келген растау кодын енгізу сұралады.
Дәл осы сәтте кодты өз қолымен жазып берген азаматтар өз парақшасының тізгінін алаяқтарға толықтай ұстатып қоятынын аңғармай қалады.
«Ресми қолдау қызметі ешқашан бөгде боттар немесе күмәнді сілтемелер арқылы құпия сөздер мен кіру кодтарын сұратпайтынын қаперге алған жөн», — дейді осы ретте құзырлы орган.
Бұдан бөлек…
Парақшаны өз бақылауына алған қаскөйлер бұдан былай жеке хаттарды еркін оқып, дербес деректерді иеленіп қана қоймай, сол профильдің атынан туыстары мен таныстарына ақша сұрап хат жазуды бастайды.
Бұған қоса, желіде тегін электронды кітаптар ұсынатын боттар кейпінде жасырынып, файл орнына смартфонды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін зиянды бағдарламаларды жүктеуді ұсынатын да қауіпті үрдістер анықталған.
Құзырлы орган мұндай қатерлерден қорғану үшін бейтаныс сілтемелерге өтпеуді, екі кезеңді аутентификацияны қосуды және қосымшаның параметрлерінен белсенді сеанстарды үнемі тексеріп отыруды сұрайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







