Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жариялаған жаңа көрсеткіштер ел ішінде үлкен дүрбелең туғызуда деп жазады Ertenmedia.kz.
Салымшылардың жинағын баспана мен емделуге пайдалану мүмкіндігін шектейтін бастамаға экономист Олжас Байділдинов ашық қарсы шықты.
Сарапшы жаңа ережелерді енгізу мерзімін 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін шегеруді талап етіп, БЖЗҚ-ның саясатын қатаң сынға алды.
Байділдинов жаңа көрсеткіштердің халық үшін тым жоғары екенін алға тартуда. Жаңа ережеге сай, жеткіліктілік шегі салымшының жасына байланысты 79 пайызға және одан да көп көрсеткішке бір-ақ өскен.
Мәселен…
20 жастағы азаматтар үшін жаңа меже 6,6 миллион теңгені, 30 жастағылар үшін 9,7 миллион теңгені, ал 40 жасқа толғандар үшін 13,3 миллион теңгені құрап отыр. Сарапшы осы көрсеткіштердің соңғы 5 жылда шамамен 4 есеге жуық өскенін айтып, реттеуші тарапынан ешқандай алдын ала түсіндіру жұмысының жүргізілмегенін айыптады.
«Зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін кем дегенде 2027 жылға дейін өзгеріссіз қалдыру керек. Азаматтарға жинағының бір бөлігін баспана алуға, ипотеканы жабуға немесе «Отбасы банктегі» депозитін толықтыруға бұрынғы шарттармен пайдалануға мүмкіндік берілуі тиіс», — дейді ол.
Нұрлан Смағұлов? Спикер зейнетақы активтерінің ірі ойын-сауық нысандарының (мысалы, Mega Silk Way сияқты жобалардың) құрылысына еш қиындықсыз бөлінетінін мысалға келтірді.
«Сонда Үкімет үшін халықтың баспаналы болуына қарағанда сауда үйлерін қаптатып тұрғызу әлдеқайда маңызды ма?», — деп қынжылды сарапшы.
Экономист қордағы қаржының табыстылық деңгейіне де күмәнмен қарайды. Оның дерегінше, БЖЗҚ-ның жылдық табыстылығы (7,43 пайыз) ресми инфляция деңгейінен (12,3) айтарлықтай төмен болып отыр. Осындай жағдайда қазақстандықтар үшін болашақтағы белгісіз зейнетақы төлемін күткеннен көрі, жинақталған ақшаны қазірдің өзінде жылжымайтын мүлікке немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға салу әлдеқайда сенімді қадам.
Байділдинов жаңа шектерді енгізуді дереу тоқтатып, халыққа бейімделу үшін уақыт беру қажеттігін мәлімдеді. Айта кетелік, бұған дейін Байділдиновтың әріптесі Расұл Рысмамбетов Үкіметтің шешімін қолдап, маңызды мәлімдеме жасаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







