Зейнетақы жинағын жаппай алу науқанына басынан-ақ қарсы шыққан белгілі экономист Расул Рысмамбетов жүйенің түпкі мәніне үңілуді ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаражат пәтер алу немесе үйді жөндеуден өткізуге емес, адамның еңбекке қабілеті төмендеген шақта, қарттық кезеңде өзін-өзі асырауына кепіл болатын қор.
«Жеткіліктілік шегінің көтерілуін экономикалық тұрғыдан қисынды, дер кезінде жасалған, тіпті біршама жұмсақ қадам деп бағалауға толық негіз бар», — дейді ол.
Оның атап өткеніндей, реформалау кезеңін бастан өткеріп жатқан зейнетақы жүйесі бүгінгі күннің әлеуметтік түйткілдерін шешетін уақытша құралға айналмауы тиіс. Оның басты миссиясы болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.
«Азаматтардың бүгін қордан ақша жыруы ертеңгі күні зейнетақы төлемдерінің көлемін автоматты түрде азайтады. Мұндай қадамнан мемлекет қысқа мерзімді пайда көргенімен, алдағы 20–30 жылда қордағы қаржының тапшылығына тап болып, қарттарды бюджет есебінен қосымша демеуге мәжбүр болады», — дейді Рысмамбетов.
Үкімет халықтың әл-ауқатын неге арттырмайды?
Осы орайда сарапшы назарды жинақты мерзімінен бұрын алуға емес, еңбек нарығын заңдастыруға, яғни көлеңкелі экономикадан арылуға аударып отыр. Азаматтардың әл-ауқатын арттырудың төте жолы «артық» зейнетақы ақшасын үлестіру емес, ресми жалақыны өсіруге жағдай жасау.
«Ресми, заңды табыс неғұрлым жоғары болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылатын жарна да соғұрлым қомақты болып, болашақ зейнетақының көлемін еселей түспек.
Расын айтқанда, қордан қаржыны жаппай алу науқаны нарықтың кейбір секторын тым қатты қыздырып жіберді. Зейнетақы активтерінің елеулі бөлігі жылжымайтын мүлік нарығына құйылды. Сөзсіз, бұл жекелеген азаматтардың баспана мәселесін шешуіне септігін тигізгенімен, жалпы нарықтағы бағаның екі есе өсуіне түрткі болған негізгі фактордың біріне айналды.
Мұнымен қоса, жеткіліктілік шегі елдегі макроэкономикалық жағдайды нақты көрсетуі шарт. Өмір сүру ұзақтығының артуы, ең төменгі зейнетақы көлемінің өсуі мен инфляция үдерісі осы шектің де жоғарылауын талап етеді», — деді ол.
Бұдан бөлек…
Оның айтуынша, бүгінде қоғам болып БЖЗҚ-дан ақшаны қалай алып шығуды емес, жоғары жалақы алатын және тұрақты зейнетақы жарнасын аударатын жұмыспен қамтылған халықтың үлесін қалай көбейтуді талқылауымыз қажет.
«Мұнымен қатар, алдағы уақытта бюджетті оңтайландыру мәселесі де күн тәртібіне шығуы тиіс, зейнетақы активтері бюджет тапшылығын жабудың негізгі тетігіне айналмауы қажет. Осы тұста ең маңызды түйткіл зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін түбегейлі өзгерту. Қазір БЖЗҚ дәл осындай үлкен өзгерістердің табалдырығында тұр, сондықтан сарапшылар қауымы жарияланған жаңа реформалардың мән-жайына тереңірек үңіліп, оның тиімділігін арттыру жолдарын бірлесе қарастырғаны абзал», — деді Рысмамбетов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







