Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» төрағасы қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ulysmedia.kz мәліметінше, Азамат Сатыбалды БАҚ-қа берген сұхбатында “Қазақфильм” киностудиясымен келісімшартты ұзартқысы келмегенін айтқан.
«Қазір актер халықаралық киножобаларға қатысу үшін Қытайда жүр», — деп жазды басылым.
Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрлігі кинокомпания басшысының қызметінен кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарған.
Азамат Сатыбалды басқарғалы киностудия түрлі дауға қалды. Парламентте кино саласындағы бюджеттің тиімсіз игерілуі сыналған еді. 2016-2022 жылдары Қазақфильмге кино шығаруға және прокаттауға 14,5 млрд теңге бөлінгенімен, оның 4,8 пайызы ғана ақталған.
Сондай-ақ, осыдан бірнеше күн бұрын «Алтын адам» туындысының аниматорлары жеті айдан бері жалақы алмағанын айтып, Қазақфильм ғимаратының алдында наразылыққа шыққан болатын. Кейін Қазақфильм аниматорлардың қордаланған айлығын төлеп беретінін мәлімдеді.