Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша осы жылдың 9 айында ЖІӨ өсімі 4%-ға жетті.
Оған негізінен ауыл шаруашылығы (11,4%), өңдеу өнеркәсібі (4,8%), құрылыс (10,1%) және сауда (6,3%) салалары ықпал еткен.
«Бұл кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті. Ол жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Биыл экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардың есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек», — деді Олжас Бектенов.
Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында өсім тіркеліп отыр.
Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында.
«Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді.
Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар», — деді Олжас Бектенов.