Шығыс Қазақстан облыстық соты Өскеменнің экс-әкімі, күні кешеге дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омарға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
20 мамырда қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған тараптың қорғаушылары түсірген апелляциялық шағымды қарады. Адвокаттар Омарға тағайындалған жазаны тым ауыр деп есептеп, жазаны жеңілдетуді сұраған. Алайда сот алқасы бірінші инстанция шешімін қайта қарауға негіз таппады.
«Сот алқасы бірінші инстанция соты сотталған тұлғаның әрекетін дұрыс саралаған деген ұйғарымға келді. Жазаның түрі мен мөлшері заң талаптарына сәйкес тағайындалған. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамдық қаупі жоғары екені, мұндай әрекет биліктің беделіне және қоғамның жоғарыға деген сеніміне нұқсан келтіретіні ескерілді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Бұған дейін бірінші инстанция соты Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айырған-ды. Сонымен бірге оның дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Іс материалдарында екі негізгі эпизод аталған. Соның бірі шамамен 13 млн теңге тұратын 2021 жылғы Toyota Camry көлігіне қатысты болған. Екінші эпизод ақша беруге байланысты. Тергеу оны қамқорлық жасау үшін алынған пара ретінде саралаған.
Жақсылық Омар Өскемен қаласын 2018 жылдан 2024 жылға дейін басқарды. Кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, одан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







