Миллиардер әрі Amazon негізін қалаушы Джефф Безос өзінің Blue Origin ғарыш компаниясы алдағы бірнеше жыл ішінде IPO өткізіп, акцияларын қор нарығына шығаруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл мәлімдеме компанияның сыртқы инвесторлардан алғаш рет 10 миллиард доллар тартқан ірі қаржыландыру раундынан кейін жасалды. Қаржы нарығындағы соңғы деректер бойынша Blue Origin-нің нарықтық құны 130–140 миллиард доллар көлемінде бағаланып отыр. 2000 жылы құрылған кәсіпорын бұған дейін негізінен құрылтайшының жеке капиталы есебінен дамып келген еді.
Қаржылық болашақ пен ашықтық
Fox News телеарнасына сұхбат берген Безос компанияның қаржылық бағыты айқындала түскенін жеткізді. Оның айтуынша, сырттан капитал тарту ғарыш саласындағы жобаларды ауқымды деңгейге көтеру үшін қажет.
«Күндердің бір күнінде Blue Origin IPO өткізеді деп ойлаймын. Бұл бірнеше жылдан кейін болатын шаруа. Дегенмен белгілі бір уақытта оның ашық акционерлік компанияға айналғаны әбден орынды», – деді Джефф Безос.
Кәсіпкер компания құрылған сәттен бері оған өз қаражатынан 28 миллиард доллар құйғанын атап өтті. Сыртқы капиталдың тартылуы мен алдағы биржалық жоспарлар кәсіпорынның басқару жүйесін жариялы нарықтың қатаң талаптарына бейімдеу басталғанын көрсетеді.
SpaceX-пен бәсеке және New Glenn зымыраны
Қазіргі уақытта Blue Origin АҚШ билігімен, оның ішінде NASA және Ғарыш күштерімен миллиардтаған долларды құрайтын маңызды келісімшарттарға ие. Компания Айға адам қондыруды көздейтін «Artemis» мемлекеттік бағдарламасына да қатысуда. Дегенмен жекеменшік ғарыш саласында негізгі қарсылас әрі көшбасшы саналатын Илон Масктың SpaceX компаниясы биыл акцияларын сәтті орналастырып, капитализациясын 1,77 триллион долларға жеткізген еді.
Сонымен бірге Джефф Безос биыл мамыр айында сынақ алаңында орын алған апаттан кейін тоқтап қалған New Glenn ауыр зымыранының сынақтары жанданатынын растады. Оның сөзінше, желтоқсан айында аталған аппаратты қайтадан ұшыру жоспарланып отыр. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы Blue Origin-ге коммерциялық ғарыш нарығында бәсекелестік күресті күшейтуге мүмкіндік бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







