Ұлттық банк бөліп төлеу нарығына талдау жасап, арнайы талқылау құжатын жариялады. Реттеуші қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар ұсынатын бөліп төлеу қызметі азаматтардың көзге көрінбейтін қарыз жүктемесін арттыруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
BNPL — ағылшын тіліндегі Buy Now, Pay Later, яғни «қазір сатып ал, кейін төле» үлгісіндегі қызмет. Мұндай тәсіл сатып алынған тауардың немесе қызметтің құнын бірнеше төлемге бөлуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда бөліп төлеу арқылы күнделікті тұтыну тауарларынан бастап автомобиль мен жылжымайтын мүлікке дейін сатып алуға болады. Қағаз жүзінде ол төлем тәсілі ретінде көрінгенімен, сатып алушыға белгілі бір қаржылық міндеттеме жүктейді.
Бөліп төлеу сырттай несиеге ұқсамауы мүмкін. Алайда сатып алушы ақшаны кейін өтеуге міндеттелетіндіктен, оның қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді.
Банктен тыс бөліп төлеу көбейген
Ұлттық банктің мәліметінше, бастапқыда мұндай өнімдерді негізінен банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынған. Кейін нарыққа қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар да кіре бастаған.
Қазір тауарды BNPL провайдері арқылы рәсімдеу, сатушының тікелей бөліп төлеуі және кейін сатып алу құқығы берілетін жалдау секілді үлгілер таралып отыр.
Бас банкир Тимур Сүлейменов бастаған реттеушілер дәл осы сегментке назар аударған екен. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғауға арналған талаптарды орындауға міндетті. Ал қаржы ұйымы мәртебесі жоқ компаниялардың бөліп төлеу өнімдері мұндай ережелерге толық бағынбауы мүмкін.
Қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар ұсынатын бөліп төлеу қызметтері тұтынушының құқығын қорғау талаптарынан тыс қалып, азаматтардың қосымша қарыз жүктемесін қалыптастыруы ықтимал.
Мұндай жағдайда бір адамның бірнеше сервистен қатар бөліп төлеу рәсімдегені оның жалпы қарыз жүктемесін бағалау кезінде ескерусіз қалуы мүмкін. Соның салдарынан азамат ресми несиесі аз болғанымен, ай сайынғы төлемдерінің жалпы көлемі шамадан тыс өсіп кетеді.
Ұлттық банк қандай шешім іздеп отыр
Жарияланған құжат әзірге дайын заң немесе қабылданған шектеу емес. Ұлттық банк нарықтағы тәжірибені, негізгі тәуекелдерді және оны дамыту мүмкіндіктерін кәсіби орта мен бизнес өкілдерінің талқысына ұсынып отыр.
Басты мақсат тұтынушыны шамадан тыс қарыздан қорғау тетіктерін қалыптастыру және бөліп төлеудің қолжетімділігін сақтап қалу. Яғни реттеуші аталған қызметті толық шектеуді емес, оның қаржылық салдарын ашық көрсету мен ортақ талаптар белгілеудің жолдарын қарастырады.
Талқылау сегіз аптаға созылмақ. Мүдделі тараптар ұсыныстары мен ескертулерін 2026 жылғы 3 қарашаға дейін Ұлттық банктің электрондық поштасына жолдай алады.
Қоғамдық талқылаудан кейін бөліп төлеу нарығын реттеуге қатысты нақты ұсыныстар қалыптасуы ықтимал. Әзірге Ұлттық банк бір мәселені анық көрсетіп отыр, атауы несие болмаса да, кейін төленетін әрбір сатып алу азаматтың қаржылық міндеттемесіне айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







