Батыс Қазақстан облысында өткен кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру тетіктері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынды ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңін жоғары технологияға, өңдеуші өнеркәсіпке және инновацияға негіздеу міндетін айқындағанын айтты. Оның сөзінше, Жолдауда инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту, көлік-логистиканы күшейту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу секілді бірқатар нақты бағыт белгіленген.
Өңір басшысы инвестициялық саясатты қайта қарау жөніндегі тапсырмаға да тоқталды. Президент ұстанымына сай, қаржының негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы керек. Облыста былтыр инвестиция көлемі 749,9 млрд теңгеге жеткен. Соның 571,5 млрд теңгесі, яғни 72,6 пайызы жеке инвестиция үлесіне тиесілі. Алдағы бес жылда өңірде 2,2 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жолдауда жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де ерекше мән берілген. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев оқу орны AI-Sana бағдарламасына белсенді қатысып жатқанын айтты. Қазір оған 4900-ден астам студент пен оқытушы тартылған. Университетте интеллектуалды академиялық кеңесші мен FaceID жүйесі қолданылып жатыр. Сондай-ақ Coursera, Astana Hub және Huawei Academy платформалары арқылы студенттер 8 мыңнан астам халықаралық сертификат алған.
Осыған байланысты Нариман Төреғалиев облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевқа университеттермен бірлесіп, мұндай цифрлық шешімдерді өзге оқу орындарына енгізу тетігін қарастыруды тапсырды.
Ортақ басқару жүйесін қалыптастыру маңызды
«АгроСервис-Батыс» ЖШС басшысы Армат Бисенов ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні пайдалану нақты нәтиже беріп жатқанын жеткізді. Компания CropWise Operating жүйесін қолданады. Ол өнімділікті модельдеуге, тыңайтқышты тиімді енгізуге және есеп жүргізуді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бірқатар техникасы да жасанды интеллектімен жабдықталған. Бұған қоса, компания ылғал үнемдеу технологиясы мен тұқым шаруашылығын дамыту бағытында ғылыми ұйымдармен жұмыс істеп жатыр. Алдағы кезеңде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіру желісін іске қосу көзделіп отыр.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Рауан Хусаинов су ресурстарын басқаруда цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, автоматтандырылған су есептеу және гидротехникалық нысандарды басқару жүйелері кезең-кезеңімен іске қосылуда. Биыл 100 шақырымнан астам арна тазартылған. Жыл соңына дейін 826 шақырым суару арнасын республикалық меншікке өткізу жоспарланған. Бұл ортақ басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар жаңа су қоймаларын салу, ескілерін жаңғырту және Жайық өзенінде қалқымалы сорғы станциясын іске қосу мәселесі де көтерілді.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Жолдауда берілген міндеттерді орындау бойынша орынбасарларына, басқарма басшыларына және жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Индустриялық аймақтың қазіргі ахуалына талдау жасалып, түйткілдерді шешу жолдары ұсынылуы тиіс. Елді мекендерді, соның ішінде шекара маңындағы автокөлік өткізу бекеттерін дауыс байланысымен және мобильді интернетпен қамту үшін антенна-діңгек құрылғыларын салуға кезең-кезеңімен қаржы бөлу мәселесі де қаралады.
Сондай-ақ облыс бойынша 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы аясында жобалардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, оларға кешенді қолдау көрсету шаралары қабылданбақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







