Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов жабылып қалған ауылдардың жайын көтерді,- деп хабарлайды ErtenMedia.
Ол сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
«Қайрымсыз баласы қаңғыртып жіберген қарияның күнін кешкен ол — біздің ауылдар. Қажет инфроқұрылым, сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан қаншама ауылымыз «мүжілген сүйектей» мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды», — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, кейінгі 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалған. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған.
«Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика. Бұл жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық?» — деп ашына үн қатты ол.
Зайытовтың пікірінше, кейбір ауылдарда тұрғындар өз күнімен қандай да бір іс бастайын десе, кедергі өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажет инфроқұрылымы да жоқ.
«Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дегенді бәріміз білетін шығармыз?» — деді ол.
Оның сөзінше, алдағы уақытта Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан аса ауылды жапқалы жатыр.
«Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! Жоқ әлде бұл әрекеттердің арғы жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз? Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой», — деп түйіндеді Зайытов.