БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін түсіндірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа тәсіл бойынша азамат жинағының бір бөлігін алғаннан кейін де болашақтағы жинақтаушы зейнетақысы медианалық жалақының кемінде 40 пайызына жуық болуы керек. Қордың мәліметінше, қазіргі әдістеме бойынша тұрақты жарна аударылған күннің өзінде болашақ жинақтаушы зейнетақы шамамен 50 мың теңге деңгейінде ғана қалып, қазіргі медианалық жалақының 15 пайызына да жетпейді.
Ұсынылып отырған әдістемеде жеткіліктілік шегі болашақ жарналарға немесе жыл сайын өзгеретін көптеген макроэкономикалық болжамға тәуелді болмайды. Есеп ұзақ мерзімді факторларға сүйенеді. Соның ішінде Қазақстан халқының демографиялық кестелері, инфляция және инвестициялық кірістілік ескеріледі.
БЖЗҚ түсіндіруінше, жаңа формула болашақта мақсатты деңгейдегі зейнетақы алу үшін адамның жеке зейнетақы шотында қазір қанша ең төменгі сома болуы керегін анықтайды. Шек бұрынғыдай салымшының жасына байланысты болады: адам зейнет жасына жақындаған сайын қажетті сома да жоғарылайды.
Қор қазіргі әдістемеде азамат зейнетке шыққанға дейін міндетті жарнаны тұрақты аударып отырады деген болжам қолданылатынын айтты. Бірақ өмірде жарна тұрақсыз түсуі немесе мүлде аударылмауы мүмкін.
Бұған дейін Еңбек министрлігі жаңа әдістеме мамыр айының соңына дейін бекітілетінін хабарлаған. Ал жеткіліктілік шектері биылдан бастап өзгере ме, әзірге нақты белгісіз. Министр Асқарбек Ертаев жастар үшін шек 79 пайызға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







