Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылында бірнеше жылдан бері су мәселесі шешілмей келеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Жалпақсаз – Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың ауыл. Спортшының туыстары әлі де сонда тұрады.
Жергілікті тұрғындардың бірі ауыл тұрғындарының газы бірнеше жыл бұрын пайда болғанын, бірақ бүгінгі күнге дейін сумен жабдықтау жүйесінде мәселе барын айтты.
– Елдосты кішкентайынан танимыз. Балалармен ойнап өскен еңбекқор бала ғой. Отбасымен мен келгенде Таразға көшіп кеткен. Қарашаңырақтарына жиі келіп тұрады. Жеңіспен оралған сайын құдайы тамағын беріп, халықты жинап жатады. Алдыңғы күні де келіп кетті, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Ауылда 80 үйдей бар. Кішкентай медициналық пункті жұмыс істейді.
– Ауылға екі-үш жыл бұрын газ кірді. Перспективасы аз ауыл ғой. Су арғы жақтан ағады. Бірақ сыздықтап келеді. Кейде тоқтап қалады. Өзіміз тасимыз. Тасып ішеміз. Су әлі кірмеді ғой. Сол күйі қалды ма, білмеймін. СЭС-тен тексеріп жүретін. Уәде беріп кетеді. Асфальт та ескіріп кетті, – дейді ол.
Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы болды. Ол финалда француз балуанын жеңіп, спорттық мансабындағы Олимпиада жүлделерінің қола және күміс медалімен қатар алтын медаліне ие болды.