Қазақстанда көтерме және бөлшек саудада бағасы мемлекеттік реттеуге жататын дәрі-дәрмек тізімі жаңартылуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын реттеу тәртібіне қатысты бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат бойынша пікір мен ұсыныс 2026 жылғы 7 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында қабылданады.
Жоба дәріханалар мен көтерме жеткізушілер арқылы сатылатын рецептілік дәрілердің тізімін өзектендіруге бағытталған. Негізгі мақсат, халық үшін әлеуметтік маңызы бар препараттардың қолжетімділігін сақтау және фармацевтика нарығында бағаның тұрақсыз өсуіне жол бермеу.
Жаңартылған тізім Қазақстанда және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тіркелген рецептілік дәрі-дәрмектер туралы 2026 жылғы 15 қаңтардағы өзекті деректер негізінде жасалды. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, бағасы реттелетін препараттар тізімі жылына екі рет қайта қаралады.
Жоба бойынша 2903 дәрілік препараттың бағасын мемлекеттік реттеу көзделіп отыр. Олардың барлығы дәрігер рецептімен берілетін дәрілер қатарына жатады. Мұндай препараттар көбіне созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуде қолданылады. Сондықтан олардың бағасы науқастар үшін аса маңызды.
Министрлік жаңарту арқылы бағаны реттеудің нысаналы тәсілін күшейтуді көздеп отыр. Яғни бақылау шаралары пациенттер мен денсаулық сақтау жүйесі үшін ең қажетті дәрілерге бағытталады.
Өзгерістердің басты мақсаты, дәрі-дәрмектің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету және фармацевтика нарығының тұрақты дамуын сақтау. Мемлекет ең маңызды рецептілік препараттардың бағасын бақылауда ұстап, олардың негізсіз қымбаттауына жол бермеуді жалғастырады.
Құжатқа қатысты пікір білдіргісі келген азаматтар мен нарық қатысушылары ұсынысын «Ашық НҚА» порталында қалдыра алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







