Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем мерзімі қысқаруы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір елде жұмыссыздық бойынша төлемді 185 мыңнан астам адам алып отыр. Көп жағдайда мұндай төлем алты айға дейін беріледі. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең ұзақ мерзімді төрт айға дейін қысқарту мәселесін қарап жатыр. Жаңа тәртіп күшіне енсе, ол тек өзгерістен кейін төлем тағайындалатын азаматтарға қолданылады.
Министрлік өкілі Раун Балуанбековтің айтуынша, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 185 мыңнан асқан. Оның ішінде 14 160 адам төлемді 5 айға, 115 107 адам 6 айға алып отыр. Енді ең ұзақ төлем мерзімін төрт ай деңгейінде белгілеу ұсынылып отыр.
Өзгеріс тек жұмыссыздық төлемімен шектелмейді. Декреттік төлемдерге қатысты да бақылау күшеймек. Бұған дейін мұндай төлемдердің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылған еді. Енді табысты растау тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр.
Мұндай бастама Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін көтерілген. Тексеріс әлеуметтік төлем жүйесінде айла-шарғы жасау тәуекелі бар екенін көрсеткен. Соған байланысты табысты растауға арналған дереккөздер тізімін кеңейту ұсынылды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өкілі Марат Жаныбековтің айтуынша, төлем тағайындау кезінде тек чек пен мобильді қосымшадағы мәлімет қана емес, әлеуметтік салық төлемі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы және салық декларациясындағы дерек те ескерілуі мүмкін. Әсіресе табысқа түзету енгізілген жағдайда қосымша тексеріс жүргізіледі.
Интернетте әйелдерге бір мезгілде декреттік төлем мен жұмыссыздық жәрдемақысын рәсімдеуді ұсынатын түрлі схема таралып жатыр. Қор өкілдері мұндай әрекет заңсыз екенін ескертеді. Бір уақытта екі төлемді қатар алу әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қағидатына қайшы келеді.
Ұсынылып отырған өзгерістер әлеуметтік төлем жүйесін ашық етуге бағытталған. Билік нақты табысын көрсеткен, заңды жарна төлеген және төлем алуға құқығы бар азаматтарға ғана қолдау көрсетуді көздейді. Ал жалған табыс көрсету, қос төлем рәсімдеу немесе құжатты қолдан түзету сияқты әрекеттерге бақылау күшеймек.
Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға байланысты 1,2 млн теңгеге дейін әлеуметтік төлем ала алады. Бұл төлемнің мөлшері қандай факторларға байланысты екенін және оны алу тәртібін түсіндіреміз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







