Қазақстанда декреттік және жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдер жүйесіне тағы өзгеріс енгізіледі. Алдағы уақытта декреттік төлем алғысы келетіндер табысын растайтын қосымша құжаттар ұсынуы тиіс. Шара жалған құжат жасап, бюджет қаржысын заңсыз иемденуді азайту мақсатында қолға алынбақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақын арада декреттік төлем алғысы келетін азаматтарға табысын нақты растайтын қосымша құжаттар талап етіледі. Бұған дейінгі төлемдерді алу тәртібіне де бірнеше рет өзгерістер енгізіліп, төлемнің жоғарғы шегіне лимиттер қойылған болатын.
Жаңа талап бойынша енді азаматтар табысын растау үшін келесі құжаттарды ұсынуы қажет болуы мүмкін:
- Бақылау-кассалық аппараттардың (БКА) чектері немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізілген төлемдер туралы ақпарат.
- Әлеуметтік салық пен медициналық сақтандыру қорына төленген төлемдердің дәлелі.
- Табыстың расталуын салық декларациясымен салыстыру қажет болғанда, декларация деректерімен сәйкестікті тексеру.
Өзгерістердің бастамашысы Жоғары аудиторлық палата. Мамандардың айтуынша, өзгеріс бюджет қаржысын теріс мақсатта пайдалануды тоқтатып, алаяқтық схемалардың алдын алады.
«Қосарланған» төлемнің жолы кесіледі
Қазір интернет желісінде декреттік демалыстағы аналарға «көмектесіп», оларды жұмыссыздық бойынша жәрдемақымен қатар декреттік төлемді де заңсыз алуға үгіттейтіндер көбейген. Мамандар мұндай әрекеттердің заңсыз екенін және жаңа тәртіп мұндай алаяқтық әрекеттердің алдын алатынын айтып отыр.
Жұмыссыздыққа берілетін төлем уақыты қысқармақ
Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін жәрдемақы мерзімі қысқарады деген жоспар бар. Бұған дейін мұндай төлемдерді алушылар 6 ай бойы жәрдемақы алса, енді бұл мерзім 4 айға дейін қысқартылуы мүмкін.
Еңбекминнің мәліметінше, қазір жұмыссыздық төлемін 185 мыңнан астам адам алады. Оның ішінде 5 ай бойы жәрдемақы алатындар саны 14 мыңнан аса, ал жарты жыл бойы алып отырғандар саны 115 мың адам.
Министрлік осы өзгеріс жаңа төлем тағайындалатын азаматтарға ғана қатысты екенін атап өтті. Алайда нақты іске асырылатын мерзім әлі анықталған жоқ.
Әлеуметтік сақтандыру қорының пікірі
«Мұндай өзгерістер жалған құжатпен ақша алу жағдайларының алдын алады. Азаматтар қолма-қол алған табыстарын бақылау-кассалық аппараттардың чектерімен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы дәлелдеуі керек. Бұл азаматтың табысы шынайы екенін растайды», — дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Марат Жәнібеков.
Сонымен қатар, оның айтуынша, әлеуметтік салық пен медициналық сақтандыруға төленген аударымдарды көрсету де маңызды болмақ. Осылайша, табыс деңгейі мен төлемдердің сәйкестігі тексеріледі.
Қандай әрекеттерге тыйым салынады?
Әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары интернеттегі кейбір «көмекшілердің» декреттік және жұмыссыздық жәрдемақыларын бір уақытта алу туралы ұсыныстарын заңсыз деп отыр.
«Мұндай тәсілмен екі жәрдемақыны қатар алу заңға қайшы және оның салдары ауыр болуы мүмкін», — деп ескертеді қор өкілдері.
Өзгерістер кімге әсер етеді?
Мамандардың айтуынша, енгізілетін өзгерістер әлеуметтік төлемдер жүйесін ашық әрі әділ етеді. Сонымен бірге, декреттік жәрдемақыны шын мұқтаж адамдардың алуына мүмкіндік бермек. Бұл ретте жұмыссыздық бойынша жәрдемақының қысқаруы жаңа тағайындалатын төлемдерге ғана қатысты екенін есте сақтаған жөн.
Қорыта айтқанда, алдағы өзгерістердің басты мақсаты әлеуметтік төлемдерді әділ әрі шынайы мұқтаж азаматтарға жеткізу, сондай-ақ бюджеттің заңсыз жұмсалуын болдырмау.
Айта кетелік, бұған дейін Бектенов елде әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының күрт қысқаратынын мәлімдеген. «Әлеуметтік салаға қатаң карантин орнату керек», — деген болатын Үкіметбасы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







