Қазақстанда мобильді аударымдардың барлығы бірдей салық органдарының бақылауына түспейді. Мемкірістер мамандары қандай аударымдардың тексерілуі мүмкін екенін нақтылап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, жеке аударымдарды тексерудің нақты бекітілген шарттары бар:
- Физикалық тұлға үш ай қатарынан әрбір айда 100 және одан да көп адамнан аударым алса;
- Бұл үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып кетсе (шамамен 1 млн теңгеден жоғары).
Тек осы екі шарт бір мезгілде орындалған жағдайда ғана банктер аударым туралы мәліметтерді салық органдарына жолдайды.
Банк қандай негізде деректерді береді?
«Банктердің салық органдарымен өзара іс-қимылы заңмен реттелген. Бұл жеке тұлғалардың барлық аударымдары жаппай тексерілмейді деген сөз. Тексеру тек кәсіпкерлік қызмет белгілері байқалғанда ғана жүреді», – деп түсіндірді Дина Құсайынова.
Аталған тәртіп ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекітілген.
Аударым кәсіпкерлікке қалай жатқызылады?
ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, кәсіпкерлік қызмет деп тұрақты түрде пайда табуға бағытталған тауар сату немесе қызмет көрсету әрекеттері танылады. Егер мобильді аударымдар тұрақты түрде түсіп, қызмет көрсету, тауар сату немесе жұмыс орындағаны үшін төлем болса, бұл кәсіпкерлік табыс ретінде есептелуі мүмкін.
Жеке аударымдарға салық салына ма?
«Жеке мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайды. Салық тек кәсіпкерлік қызметтен алынған табысқа ғана қолданылады. Мысалы, тауар немесе қызмет үшін алынған төлемдерге салық салынады», – деп нақтылады Кусаинова.
Сонымен қатар, туыстар арасындағы, туған күн, той-мерекеге жасалған сыйлық түріндегі аударымдар жеке сыйлық ретінде саналады және салық салуға жатпайды.
Мектеп немесе балабақша қажеттілігі үшін ата-аналардан жиналған қаражат та табысқа жатпайды және салық салынбайды.
Деректер берілгеннен кейін не болады?
Екінші деңгейлі банктерден ақпарат алған салық органдары екі кезеңмен жұмыс істейді:
Бірінші кезеңде салық төлеушіге кәсіпкерлік табыстың белгілері анықталғаны туралы хабарлама жіберіледі. Хабарлама ескерту сипатында және оған жауап қайтару міндетті емес. Екінші кезеңде қажеттілік туындаса, камералдық бақылау жүргізіледі. Егер мәліметтерде сәйкессіздік байқалса, салық төлеушіге ресми хабарлама жолданады.
Хабарлама алған салық төлеуші 30 жұмыс күні ішінде салық есебін тапсырып немесе өз дәлелдерін келтіру арқылы сәйкессіздіктерді жоюға міндетті.
Жеке шотты кәсіпке пайдалануға бола ма?
2026 жылдан бастап жеке шот ашатын әрбір азамат шоттың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтынын жазбаша растауы тиіс. Заң бойынша, кәсіпкерлер бизнес үшін жеке шотты емес, арнайы ашылған шотты пайдалануға міндетті.
Бұған қоса, кез келген тауар немесе қызмет үшін есеп айырысу кезінде міндетті түрде бақылау-кассалық аппараттары немесе арнайы мобильді қосымшалар қолданылуы керек. Әйтпесе, бұл әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.
Салық төлеушіге нені білу маңызды?
- Туыстар арасында тұрақты түрде ақша аударымдары болса, олар жеке сипатқа ие және салық салуға жатпайды.
- Салық органдары жіберген хабарламаны алған жағдайда, ешқайда барудың қажеті жоқ. Жауапты электронды цифрлық қолтаңбамен растап, электронды түрде беруге болады.
- Аударымдар автоматты түрде салық салынбайды. Салық міндеттемелері тек тексеру нәтижесінде нақты кәсіпкерлік табыс белгіленсе ғана туындайды.
Мамандардың айтуынша, жеке мобильді аударымдарды жасау кезінде алаңдауға негіз жоқ. Бастысы – кәсіпкерлік пен жеке қаржы арасындағы шекараны сақтау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







