Депутат Ермұрат Бапидің қазіргі жағдайы белгілі болды. Еуропадан оралған депутаттың видеосын Болат Әбілов жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Бүгін Германиядан жақында оралған депутат Ермұрат Бапимен сөйлестім. Берлиндегі «Шарите» клиникасындағы тексерісте Ерекенің (Ермұрат Бапидің) ағзасынан улы зат «Новичоктың» іздері табылған жоқ. Оның уланғаны туралы қауесет асыра айтылған», — деді ол.
Видеода Ермұрат Бапидің өзі де мұны жоққа шығарды.
«Денсаулығым әзірге жақсы, Германияда диагноз қойылды. Енді емделуге бару керек. “Новичок” белгісі жоқ сияқты, өйткені сіздің жаныңызда отырмын ғой», — деді депутат.
Айта кетейік, Ермұрат Бапи бұған дейін әлеуметтік желіде денсаулығы туралы жазған болатын.
«Ауырып қалған жағдай бар… Диагноз белгісіз… Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді… Клеткалық-молекурялық негізде диагностика қажет екен… Көрерміз… Аман болайық, ағайын!» – деп жазды ол.
Артынша әртүрлі дереккөздер депутатты әдейі улаған деген болжам да жасады.