Алдағы үш жылда теңгенің әлсіреуі жалғасып, мұнай бағасы бұрынғы болжамнан төмен қалыптасуы мүмкін. Ұлттық банк жариялаған шілдедегі макроэкономикалық сауалнамада сарапшылар валюта бағамы мен Brent мұнайына қатысты күтулерін қайта қараған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңартылған болжам бойынша, 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 84,6 доллар шамасында қалыптасады. Бұған дейін сарапшылар 86,1 доллар болады деп есептеген.
2027 жылға арналған болжам өзгерген жоқ барреліне 75 доллар. Ал 2028 жылғы баға аздап көтеріліп, 70,5 доллардан 71,8 долларға дейін қайта қаралды.
Экономиканың өсім қарқынына қатысты үміт те сәл бәсеңдеген. Сарапшылар биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,8 пайызға, 2027 жылы 4,6 пайызға ұлғаяды деп отыр. 2028 жылға арналған болжам бұрынғы 4,3 пайыз деңгейінде қалды.
Инфляция ше?
Инфляция биыл 10 пайыз шамасында сақталуы ықтимал. 2027 жылға арналған болжам 8 пайыздан 7,8 пайызға дейін төмендетілді. 2028 жылы баға өсімі 6,8 пайыз болады деген есеп өзгермеген.
Базалық мөлшерлемеге қатысты болжам да сол күйінде қалды. Сарапшылар 2026 жылдың соңында мөлшерлеме 16 пайыз, 2027 жылы 12,8 пайыз, ал 2028 жылы 10,6 пайыз деңгейінде болады деп есептейді.
Теңге тұрақты бола ма?
Теңгенің келешегіне келгенде сарапшылардың көңілі бұрынғыдай орнықты емес. Жаңа бағалау бойынша, доллардың орташа құны биыл 500 теңге, 2027 жылы 532,1 теңге, 2028 жылы 566,6 теңге болуы мүмкін.
Экспорт көлеміне қатысты болжам айтарлықтай өзгермеді. Қазақстан 2026 жылы 94,5 млрд, 2027 жылы 95 млрд, 2028 жылы 97 млрд доллардың тауары мен қызметін сыртқа сатуы ықтимал.
Импорт көлемі сәл төмендетілді. Биыл елге 82,7 млрд доллардың тауары мен қызметі әкелінеді деп болжанса, 2027 жылы көрсеткіш 85,2 млрд, 2028 жылы 87,7 млрд долларға жетуі мүмкін.
Айта кетелік, Ұлттық банктің макроэкономикалық сауалнамасы ресми болжам саналмайды. Онда қаржы нарығы мамандары мен тәуелсіз сарапшылардың алдағы жылдарға қатысты ортақ бағасы жинақталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







