Үкімет үйінде өткен баспасөз мәлсихатында премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы ахуал мен оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кейінгі бірнеше аптада валюта нарығында ауытқулар байқалып, ұлттық валюта бағамы әлсіреді.
«Азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр. Ұлттық валюта бағамының өзгеруі — тек сыртқы факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс», — деді Байбазаров.
Вице-премьер теңге бағамына әсер ететін үш негізгі факторды атады:
- соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі;
- мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі;
- Ресей рублінің әлсіреуі.
«Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескере отырып, рубль бағамындағы ауытқулар теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті — азаматтарымыздың жағдайы нашарлауына жол бермеу, кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажет шара қабылданады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар», — деді Байбазаров.