Ұлттық домбыра күніне орай Жетісу облысында әлемнің 10 елі мен өңірінен қосылған домбырашылар бір мезетте Нұрғиса Тілендиевтің «Алқиса» күйін орындады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік шара Талдықорған қаласында өтті. Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің музыканттары тікелей эфир арқылы Қытай, АҚШ, Түркия, Бельгия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан және Алтай өлкесіндегі домбырашылармен бірге күй тартты.
Осылайша, қазақтың күй өнерін дәріптейтін өнерпаздар бір арнаға тоғысты. Бір мезетте орындалған «Алқиса» күйі Ұлттық домбыра күнінің рухани салмағын арттырды.
Көрерменге театрландырылған пролог та ерекше әсер қалдырды. Сахнада ақсақалдың домбыраны алдымен жас буынға, кейін бүлдіршінге табыстауы ұрпақтар сабақтастығын бейнеледі. Бұл көрініс ұлттық мұраның үзілмей жалғасатынын айшықтады.
Жас өнерпаз орындаған алғашқы күйді Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі жалғастырды. Осылайша концерттік бағдарламаның шымылдығы ашылды.
Мерекелік кеште халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен танымал күйшілер өнер көрсетті. Құрманғазының «Адай», «Махамбет» күйлері, халық әндері мен термелер орындалды. Ұлттық би ансамбльдерінің қойылымдары да мерекенің сәнін кіргізді.

Шараның тағы бір қызықты бөлігі көрермендерге арналған интерактивті ойындар болды. Қатысушылар домбыра тарихы мен қазақтың күй орындаушылық өнеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Көпшілік ұлттық мұраға деген қызығушылығын көрсетті.
Мерекенің арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков Ұлттық домбыра күнінің маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, домбыра халқымыздың тарихын, дүниетанымын және өмір салтын сақтап келген қасиетті мұра. Осындай мерекелер арқылы жас ұрпақ ұлттық өнердің қадірін терең түсінеді.
Қала тұрғыны Айнагүл Сәрсенбайқызы да кештен алған әсерімен бөлісті. Оның сөзінше, Қаратал өзенінің жағасында қалықтаған домбыра үні көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Жетісуда өткен мерекелік шара домбыраның тек ұлттық аспап емес, қазақ рухының үні екенін тағы бір мәрте көрсетті. Күй күмбірі шекара асып, әлемнің әр түкпіріндегі қазақ өнерінің жанашырларын бір ортаға біріктірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







