Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының терминалында мұнай тиеліп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз аппарат соққы жасады. Жүк тиеу тоқтатылып, 22 адамнан тұратын халықаралық экипаж қауіпсіз жерге көшірілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дрон танкердің оң жақ артқы бөлігіне, қондырма мен машина-қазандық бөлімінің арасына түскен. Соққыдан кейін кеменің палубасы мен ішкі бөліктерінде өрт шықты. Жалын бірнеше сағат ішінде танкердің тиеу бригадасы мен консорциумның жедел құтқару топтарының күшімен сөндірілді.
Өртті жүк сақталатын резервуарларға жеткізбеу мүмкін болды. Мұнай теңізге төгілген жоқ, танкер де суға батпай, қалқып тұр. Қазір мамандар кеменің техникалық жағдайы мен келтірілген зақымды бағалап жатыр.
Экипаж мүшелері Каспий құбыр консорциумының сүйреткіш кемелерімен эвакуацияланды. Танкер бортында тек капитан мен оның аға көмекшісі қалды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
NELSA сыртқы айлақтағы бірінші қашықтағы айлақ құрылғысында мұнай қабылдап жатқан. Шабуылдан кейін терминалдағы тиеу жұмысы тағы да уақытша тоқтатылды. Операция бұған дейін 19 шілде күні кешке ғана қайта басталған еді.
Одан бір күн бұрын терминал маңындағы ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне де дрон соққысы жасалған. Ол кезде де кемелерде өрт шығып, мұнай тиеу уақытша тоқтатылғанымен, теңізге төгінді тарамаған. Қысқа мерзімде қайталанған шабуылдар Қазақстан мұнайының негізгі экспорт бағытына төнген қатерді күшейтті.
Каспий құбыр консорциумы оқиға экипаж өміріне қауіп төндіріп, елеулі технологиялық және экологиялық тәуекел туғызғанын мәлімдеді. Компания қатысушы мемлекеттерді шабуылды айыптап, халықаралық құқық аясында азаматтық энергетикалық инфрақұрылымды қорғаудың нақты тетіктерін әзірлеуге шақырды. Консорциум Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын әлемдік нарыққа шығаратын негізгі бағыт саналады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Қара теңіздегі азаматтық танкерлерге жасалған шабуылды елдің экономикалық мүддесіне төнген қолсұғушылық деп бағалады. Ведомство мұндай әрекет халықаралық саудаға, энергетикалық нарыққа және жаһандық тасымал тізбектеріне қауіп төндіретінін мәлімдеді. Астана шабуылды дереу тоқтатып, қазақстандық көмірсутекті экспорттайтын нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті.
Қазақстан келтірілген залалды жан-жақты есептеп жатқанын және халықаралық құқық аясында өтемақы талап ету құқығын сақтайтынын хабарлады. Қара теңіздегі соғыс қимылы енді Қазақстанның экспорттық күретамырына тікелей әсер ете бастады. Теңіз терминалдарының қауіпсіздігі елдің мұнай табысы мен әлемдік нарықтағы жеткізілім тұрақтылығы үшін шешуші мәселеге айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







