Желі қолданушысы Еламан Бектілеу Алматы әуежайындағы Duty Free дүкенінде сатылып тұрған есек сүтінің қаптамасына жұрттың назар аударды. Өнім сыртында оны «ұлттық суперазық» ретінде танытатын және халал екенін білдіретін белгі қойылғаны қоғам белсендісінің күмәнін туғызған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Есек сүті қашаннан бері ұлттық суперазық болып алған? Сенбесеңіз, қағаз қорабына қараңыз», – деп жазды Еламан Бектілеу. Оның айтуынша, суретті досы Алматы әуежайының Duty Free дүкенінде түсірген.
Ашық деректерде аталған өнімді Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында орналасқан Saumal Bio Tech компаниясы шығаратыны көрсетілген. Кәсіпорын бие, түйе және есек сүтін ұнтақ әрі сублимацияланған күйде өндіреді. Компанияның KaMei брендіне арналған сайтында аталған үш өнім де қазақ даласының дәстүрі мен заманауи «суперазық» түсінігімен байланыстырған.
Еламан Бектілеудің негізгі сұрағы өнімнің діни мәртебесіне қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» орталығының пәтуасында есектің еті мен сүті харам деп көрсетілген.
Осы тұрғыдан алғанда, күнделікті тағам ретінде сатылатын есек сүтіне «халал» белгісінің қойылуы түсіндіруді қажет ететін мәселе. Компания әлеуметтік желідегі парақшасында GMP, HACCP, ISO және Halal сертификаттары бар екенін көрсеткенімен, нақты қай ұйымның қандай өнімге сертификат бергені ашық мәліметтен анық көрінбейді.
Қоғам белсендісі есек, бие және түйе сүті бір кәсіпорында өңделсе, өзге өнімдердің адалдығына да күмән туатынын айтты. Алайда бір ғимаратта халал және халал емес шикізаттың өңделуі қалған өнімді автоматты түрде харам етпейді. Өндірістік желілер бөлініп, жабдық толық тазартылып, шикізаттың араласуына жол берілмесе, әр өнімге жеке баға берілуі мүмкін.
«Халал Даму» талаптарына сәйкес, сертификаттау кезінде өнім құрамы ғана емес, өндіріс тәсілі, жабдық, сақтау және тасымалдау үдерісі де тексеріледі. Халал өнімнің тыйым салынған шикізатпен араласуына жол берілмеуі керек. Сертификаттың шынайылығын қаптамадағы таңбадан бөлек, оны берген ұйымның ресми тізілімінен тексеру қажет.
Мәселенің тағы бір қыры есек сүтін қазақтың «ұлттық» тағамы ретінде таныстыру. Бие сүті мен қымыздың қазақ мәдениетіндегі орны талас тудырмайды. Түйе сүтінен жасалатын шұбат та дәстүрлі ас мәзіріне жатады. Ал есек сүтін халқымыздың күнделікті ұлттық тағамы ретінде көрсетуге тарихи және этнографиялық негізді өндіруші жұртшылыққа ашық түсіндіруге тиіс.
Еламан Бектілеу көтерген мәселе бір қорап сүттің төңірегіндегі дау ғана емес. Ол «халал», «ұлттық өнім» және «суперазық» секілді ұғымдардың маркетинг құралына айналып кетпеуіне қатысты. Мұндай атаулар тұтынушы сеніміне тікелей әсер ететіндіктен, компания сертификатты берген ұйымды, оның қай өнімге қатысты екенін және өндірістегі шикізатты бөлу тәртібін жариялағаны жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







