Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Olympic.kz-ке сілтеп.
«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді.
Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін.
Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», — деді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, 80 келідегі Нұрбек Оралбай елге күміспен оралады.