Отандық кинотеатрлардың репертуары енді арнайы сүзгіден өтеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен кинофильмдерді прокат алдындағы мемлекеттік сараптамадан өткізудің жаңа тәртібі алдағы 16 маусымнан бастап ресми түрде күшіне енбек деп жазады Ertenmedia.kz.
Ереже бойынша, ел аумағында көрсетілетін әрбір туынды прокаттық куәлік алмас бұрын арнайы құрылған комиссияның жіті тексеруінен өтуі міндетті.
Жаңа жүйенің басты мақсаты экранға жол тартатын туындыларда заңмен тыйым салынған заңсыз контенттің, соның ішінде зорлық-зомбылықты насихаттау, ұлтаралық немесе діни араздықты қоздыру белгілерінің бар-жоғын анықтау.
Мемлекеттік органның жанынан құрылатын сарапшылар тобының құрамына кино саласының мамандарымен қатар психологтар, тарихшылар, филологтар мен заңгерлер кіреді.
Олар таспаны толық көріп, мазмұнына талдау жасайды және дауыс беру арқылы нақты қорытынды әзірлейді. Бұл процедураға ең көп дегенде 10 жұмыс күні берілмек.
Айта кетерлігі, комиссия фильмнің көркемдік деңгейіне, эстетикалық құндылығына, коммерциялық тиімділігіне немесе саяси-идеологиялық сипатына баға бермейді. Олардың басты назары заң талаптарының сақталуы мен туындының жас шектеуін (16+, 18+, 21+) нақты белгілеу болмақ.
Тексеру аяқталғаннан кейін дайындалатын сарапшылар хаттамасы ұсыныс сипатында болады, ал прокаттық куәлік беру немесе одан бас тарту туралы соңғы шешімді құзырлы мемлекеттік орган қабылдайды.
Жаңа талапқа сай, фильмдердің көшірмелері мен құжаттары комиссия архивінде кемінде үш жыл бойы сақталуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







