Астана қалалық соты бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін ұзартты, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәліметке сүйенсек, Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі 19 қыркүйекте үш айға ұзартылған.
«Астана мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 21 желтоқсанға дейін ұзартуға санкция берді», – деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі «Құпия» белгісімен тергеліп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.
Мәжіліс кулуарында агенттік өкіліне «Бекетаевтың ісінің «Болашақ» консалтингтік компаниясының бас директорына қатысты тергеуге қатысы бар ма?» деген сұрақ қойылды.
«Бұл істерде «Құпия» белгісі бар. Миллиондаған доллар қаржы кетіп, шешімі табылмаған арбитраждық істер республиканың пайдасына болмағандықтан, қазір тиісті тергеу жүргізіліп жатыр», — деп жауап берді Ұлан Сарқұлов.