Алматыда Сайын көшесінің қосалқы жолына салынған автобус жолағына қатысты қарсылық күшейді. Дархан Сатыбалдының атына петиция жолдаған қалалықтар жобаны мерзімінен бұрын тоқтатуды талап етуде. Петиция иелері Сайын көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігіндегі арнайы жолақ кептелісті азайтудың орнына, қозғалысты одан әрі қиындатқанын алға тартып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сайын көшесінің су жаңа бөлігі маусым айының басында ғана ашылған-тын. Арада екі апта өтпей жатып, қосалқы жолдың бір жолағы қоғамдық көлікке берілген. Тұрғындар пікірінше, екі өзгерістің қатар енуі тәжірибенің нақты нәтижесін бағалауға мүмкіндік бермейді.
«Қала әкімдігі кептелістің көбеюін жаңа жолдың ашылуы және көлік ағынының қайта бөлінуімен байланыстырады. Мұндай жағдайда автобус жолағының әсерін жеке бағалау мүмкін емес», – делінген петицияда.
Өтініш иелері арнайы жолақ іске қосылғаннан кейін жол бойында кептеліс, қауіпті маневр және жүргізушілер арасындағы ұрыс-жанжал күрт көбейгенін жазған. Әсіресе, жолақтың кейбір жолайрық алдында үзіліп қалуы көліктердің автобус жолағын кесіп өтуіне мәжбүрлеуде.
Дархан Сатыбалдыға дат айтқан петиция авторлары, стандарт бойынша қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ бір бағытта кемінде үш жолағы бар көшеде ұйымдастырылуы керек дейді. Ал Сайын көшесінің қосалқы жолында небәрі екі жолақ бар.
Тұрғындар әкімдік автобус жолағын енгізер алдында жасалған есеп-қисапты да жарияламады деп отыр.
Құжатта автобус саны, жолаушы ағыны, қоғамдық көліктің жылдамдығы, өзге көліктің кідірісі және жедел жәрдем мен құтқару қызметінің қозғалысына әсері туралы дерек ашық айтылмаған екен.
«Күн сайын жүз мыңдаған адамның жүріп-тұруына әсер ететін шешім біреудің пайымына емес, ашық жарияланған есеп-қисапқа сүйенуі тиіс еді. Әкімдік Сайын көшесіндегі жобаны тоқтатып, бұрынғы қозғалыс сызбасын қалпына келтіріп, мәселені тұрғындармен талқылауы қажет», – дейді петиция авторлары.
Бұдан бөлек…
Сонымен қатар петицияда жаңа автобус жолақтарын өзге көшелерге енгізуді уақытша тоқтату ұсынылған. Әкімдік әл-Фараби, Төле би, Сәтбаев, Шевченко, Құрманғазы, Рысқұлов секілді бірнеше ірі көшеде де осындай өзгеріс енгізуді қарастырып отыр.
Тұрғындар алдымен Сайын мен Рысқұлов қиылысындағы жолайрықтың өткізу қабілетін арттыру қажет деп санайды. Олардың пікірінше, кептелістің негізгі себебі шешілмей тұрып, жолақты қайта бөлу жағдайды жеңілдетпейді.
Петиция авторлары қала билігінен автобус жолағын алып тастауды ғана емес, алдағы уақытта ірі көшелердегі қозғалыс сызбасын өзгертер алдында міндетті түрде ашық есеп жариялап, қоғамдық талқылау өткізуді талап етуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







