Қазақстанда 1 шілдеден бастап электрлі самокаттарға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг компаниялары жалға берілетін самокаттарға ірі тіркеу нөмірлерін орнатады. Мұндай нөмірлерді «Сергек» камералары автоматты түрде оқи алады. Компания өкілдерінің айтуынша, жүйе сынақтан өтіп, тиімділігін көрсетті.
Негізгі өзгерістердің бірі пайдаланушыларды міндетті түрде сәйкестендіру. Кикшеринг сервистері eGov жүйесімен интеграция арқылы адамның жасын тексереді. 18 жасқа толмаған азаматтарға самокат жалға алу қызметі қолжетімсіз болады.
JET кикшеринг компаниясының негізін қалаушы Мейрамбек Әбілқасовтың айтуынша, міндетті верификация кәмелетке толмағандарды бірден анықтауға мүмкіндік береді. Тексеру eGov арқылы жүргізіліп, 18 жасқа толмаған тұлғалар сервиске жіберілмейді.
Сонымен қатар ересек адамдардың өз аккаунты арқылы самокатты балаларға беруіне де тыйым салынады. Мұндай жағдай анықталса, сервис аккаунтты бұғаттайды. Полиция мәліметінше, сәуір айынан бері самокатты балаға бергені үшін 200-ден астам ата-ана жауапқа тартылған. Оларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Электросамокат үшін жаңа айыппұл кезеңі басталады
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында ескерту қарастырылмаған, бірден айыппұл салынады. Оның сөзінше, кикшеринг компанияларына да ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Олар қауіпсіз инфрақұрылым жасап, арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға, самокаттардың қай жерде болса сонда жатпауын бақылауға, тіркеу нөмірлерін орнатуға және пайдаланушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға тиіс.
Жаңа ережеде жүргізуші куәлігіне қатысты да талап бар. Самокатпен тротуарда жүру үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Ал автомобиль жолының жиегімен қозғалғысы келетіндерге жүргізуші куәлігі керек болады.
Дегенмен полиция өкілдері бұл норманың әлі де пысықталатынын айтып отыр. Себебі самокат мінген адам жолда келе жатып, полицияны көрген сәтте тротуарға шығып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайды дәлелдеу мен бақылау тетіктері қосымша нақтыланады.
Алматы полициясы жаңа талаптардың орындалуын күшейтілген режимде бақылайды. Құқық қорғаушылар профилактикалық шаралар нәтиже бере бастағанын айтады. Қалада самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары азайған. Қазіргі таңда Алматыда шамамен 20 мың жалға берілетін электрлі самокат бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







