Заңсыз лотерея ұйымдастырды айыпталған блогер Ерболат Жанәбілов сот отырысында тағылған айыпты ішінара мойындап, ебіл-дебіл жылады. Ол өзінің ғана емес, жақын туыстарының да ауыр күйзелісте екенін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот барысында Ерболат Жанәбілов өзінің қорғаушысы Гауһар Айтжанованың сұрағына жауап бере отырып, тағылған айыптың бір бөлігін мойындады.
«Мен кінәмді ішінара мойындаймын. 214-бап бойынша мойындаймын, бірақ 218-бапты мойындамаймын. Әкімшілік сот болған кезде бізге ештеңе түсіндірген жоқ. «Қол қоймаңдар, ертең қылмыстық іс болады» деп қана айтты. Біз ойын бизнесін реттеу комитетінде болғанда қол қоюға дайын едік. Жағдайдың қылмыстық іске айналып кететінін білген жоқпын», – деді ол.
Сот отырысында блогер айыптау процесі тек өзіне емес, бүкіл отбасына ауыр тиіп жатқанын жеткізіп, көз жасына ерік берді.
«Мен және жұбайым бүкіл халықтың алдында мазаққа айналғанымызды қаламаймын. Ата-анамыз, үлкендеріміз қатты күйзелісте. Менің анам, әкем, апам бар, ол кісі әр апта сайын ауруханаға түседі. Әйелімнің ата-анасы жоқ, жалғыз әжесі ғана бар. Оның жүрегі ауырады, денсаулығы нашар. Ертең сол кісіге бірдеңе болса, кім жауап береді?» – деді Жанабылов сот алдында сөйлеген сөзінде.
Блогердің аргументі қандай?
Жанәбілов өзінің қарапайым отбасыдан шыққанын атап өтті.
«Мен бай отбасыдан емеспін. 18 жыл бойы жатақханада, 13 шаршы метр бөлмеде алты адам болып тұрдық. Әйеліммен сол жатақханада таныстым. Біз бірге өмірді бастан өткердік. Қазір бізді қылмыскер, алаяқ етіп көрсетті. Осы 7 ай бойы біз үндемедік, іште бәрін сақтап келдік», – деп қосты ол.
Жанәбілов жағдайдың неге бұлайша ушығып кеткенін түсінбейтінін айтты.
«Неге дәл біз осындай жағдайға тап болдық? Мүмкін біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Ертең кімнің басына түсері белгісіз. Дұшпаныма да сот алдында осылай тұруды тілемеймін», – деді блогер.
Айта кетейік, Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Елмира Төлегеноваға қатысты «заңсыз кәсіпкерлік» (214-бап) және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» (218-бап) бойынша айып тағылып отыр. Желідегі қауым атышулы жұптың сөзіне сенбейтінін жарыса жазуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







