Құрылтай депутаттары Ерлан Қаринді вице-президент қызметіне тағайындауға келісім берді. Оның кандидатурасын президент Тоқаев ұсынған еді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттар мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны жедел мақұлдады. Осылайша, Ерлан Қарин 2026 жылғы жаңа Конституция бойынша қайта құрылған вице-президент институтының алғашқы өкілі атанды.
Вице-президент қызметі мемлекеттік кеңесші лауазымының орнына енгізілді. Ерлан Қарин осыған дейін мемкеңесші, кейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін саясаттану және мемлекеттік басқару саласына ауысты. Отыз жылға жуық уақыт ішінде Президент Әкімшілігінде, Nur Otan партиясында, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында және «Қазақстан» телерадиокорпорациясында басшылық қызмет атқарды.
Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасымен оның Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге мемлекеттік органмен байланысын қамтамасыз етеді. Қызметтік өкілеттігінің нақты аясын Президент белгілейді.
Бұған дейін біз «Президенттен кейінгі ең ауыр кресло: Тоқаевтың таңдауы кімге түспек?» деген тақырыпта талдау жасап, Ерлан Қаринды осы орынтақтың негізгі үміткері ретінде атаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







