Ширек ғасырлық тарихы бар, талай сайлауда топжарған «Аманат» туғанына ай толмаған «Әділеттің» етегінен ұстап кете барды.
Ertenmedia.kz күні бұрын болжаған саяси сахнадағы «ребрендинг» (бәлкім, рестайлинг) апай-топай, апыл-ғұпыл өткендей әсер қалдырды.
Алдымен Астанадағы съезде Ерлан Қошанов өзі басқаратын партияға қатысты жағымсыз ассоциация барын айтып, халықтың өкпе-назынан шаршаған алып құрылым «күнәдан тазару» ритуалынан өтуі керектігін меңзеді.
Қош, сонымен кім-кімді жұтты өзі?
Формалды түрде «Әділет» «Аманатты» өзіне серік қылды. Ал іс жүзінде Назарбаев дәуірінің сарқыншағы іспетті алып машина жаңа брендтің ішіне емін-еркін жайғасты.
Алдағы бес-алты айда партияның бүкіл аппараты «Әділеттің» қойны-қонышына еніп, тегіс көшіп келеді. Ашығын айтқанда, есіктен шыққан «Аманат» терезеден қайта кіріп келе жатыр.
Содан болар, тақтайшадағы атауының өзінен Назарбаевтың сұлбасы көрінетін партияның жаназасын шығару рәсімі құдды бір той секілді, шат-шадымен көңіл-күйде өтті.
Сахнаға жаңа кәстүм киіп шыққан ескі партия «Әділеттің» молекуласын өзгертуге ертеңнен бастап-ақ қызу кірісе бастайды. Ал Айбек Дәдебай үлкен әкімшілік аппаратқа айналып үлгерген құрылымды түгел тазартып, әдетін түзейді дегенге әй, сену қиын.
Бастысы маңдайшадағы жазу өзгерді. Қабырғадағы жарық пен едендегі сызатқа тым құрығанда косметикалық ремонт жасала ма, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







