Қазақстанда ұлттық спутниктік байланыстың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін KazSat-3R ғарыш жүйесін құру басталады. Жобаны жүзеге асыруға Үкімет резервінен 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Жаңа аппарат қазір пайдаланылып жүрген KazSat-3 спутнигін алмастырады. Қолданыстағы ғарыш аппаратының жоспарланған қызмет мерзімі 2029 жылы аяқталады.
KazSat-3R ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Жоба телекоммуникация саласының сыртқы технологияға тәуелділігін төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мен технологиялық егемендігі нығаяды.
Жаңа спутник телерадио хабарын тарату, дерек жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметін қолдайды. Оның мүмкіндігі әсіресе халқы аз және шалғай орналасқан елді мекендерді байланыспен қамтуға пайдаланылмақ. Жерүсті инфрақұрылымын салу күрделі аумақтарда спутниктік технология негізгі шешімнің біріне айналады.
Қазір KazSat жүйесін ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Оған 19 байланыс операторы қосылған. Спутниктік телехабар тарату қызметімен екі миллионнан астам абонент қамтылған.
Қазақстанда телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген халықтың үлесі 99 пайызға жетті. Қазір 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен сапалы интернетпен қамтамасыз етілген.
Ауылдық аумақта талшықты-оптикалық байланыс желісі кеңейтіліп жатыр. «Соңғы миль» жобасы, 5G желісі және автожолдарды мобильді байланыспен қамту бағдарламасы қатар жүзеге асырылуда. Спутниктік шешімдер қатынауы қиын елді мекендерді цифрлық кеңістікке қосуға жол ашады.
Мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілген. Қазақстанда отандық суперкомпьютерлік қуаттар мен QazTech бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды. Аталған инфрақұрылым жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға негіз қалайды.
KazSat-3R жобасы ұлттық байланыс жүйесінің сабақтастығын сақтаумен шектелмейді. Ол Қазақстанның ғарыш өнеркәсібіндегі инженерлік, ғылыми және технологиялық құзыретін күшейтеді. Жерді қашықтан зондтау бағытындағы жаңа бастамалармен бірге жоба елдің ғарыштық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







