ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарының құрылыс алаңдарын тексерді. Станцияларды табиғи газға көшіру жобалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Министр екі стратегиялық нысандағы жұмыс қарқыны мен бекітілген кестенің сақталуына назар аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Екінші жылу электр орталығындағы құрылыс жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі 92 пайызға жеткен. Технологиялық жабдықтарды жеткізу ісі іс жүзінде толық аяқталды. Құрылыс алаңында шамамен 1,5 мың маман мен 140-тан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Ерлан Ақкенженов қол жеткізілген қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты қазіргі деңгейде жалғастыруды тапсырды. Мердігер ұйымдарға монтажшылар мен дәнекерлеушілерді қоса алғанда, қосымша бейінді мамандар тарту міндеті жүктелді. Іске қосу және баптау жұмыстарына қажетті құжаттарды келісу рәсімін де жедел аяқтау талап етілді.
Үшінші жылу электр орталығындағы жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты. Тексеру барысында жобаның бекітілген кестеден едәуір артта қалғаны анықталды. Нысанның жалпы дайындық деңгейі небәрі 26 пайыз шамасында қалып отыр.
Құрылыс алаңына негізгі жабдықтарды жеткізу мерзімі де кешігіп жатыр. Жоспар бойынша нысанда шамамен 1 600 адам еңбек етуге тиіс болғанымен, жұмысшылар саны 600-ге де жетпейді. Кадр тапшылығы тарату құрылғысы мен басқару жүйелерін қоса алғанда, станцияның негізгі бөліктеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарына кері әсер еткен.
Энергетика министрі тапсырыс беруші мен бас мердігерге қысқа мерзім ішінде құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Персонал саны мен арнайы техника көлемі жобалық талапқа сай деңгейге жеткізілуі керек. Министр стратегиялық нысандағы қазіргі ахуалды қабылдауға болмайтынын ашық айтты.
«Бекітілген мерзімдер өзгермейді, ешқандай кейінге қалдыру мәселесі қарастырылмайды. Кадр тапшылығын дереу жойып, құрылыс алаңындағы арнайы техниканың көлемін бірнеше есе арттыруды талап етемін», – деді Ерлан Ақкенженов. Ол мердігерлердің белгіленген міндеттемені толық орындауы қажет екенін ескертті.
Жауапты ұйымдарға жабдықтарды жеткізуді жеделдетіп, жұмыс кестесін қайта қарау тапсырылды. Жобаны аяқтаудың белгіленген мерзімі сөзсіз сақталуға тиіс. Алдағы апталарда қажетті ресурстар толық жұмылдырылмаса, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатысты қатаң шара қолдану бастамасы көтеріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







