Жасанды интеллект инфрақұрылымын белсенді дамытып жатқан америкалық технологиялық алыптар дәстүрлі электр желілерінің жүктемесінен туындаған қиындықтарға тап болды. Электр қуатын тез әрі үздіксіз алу үшін ірі компаниялар енді отын элементтеріне (fuel cells) баса назар аудара бастады. Rystad Energy зерттеу орталығының болжамынша, деректер орталықтарына арналған отын элементтері нарығына құйылатын инвестиция 2025 жылғы 2,8 миллиард доллардан 2030 жылға қарай 30 миллиард долларға дейін өседі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отын элементтері қалай жұмыс істейді?
Отын элементтері – отынның (табиғи газ немесе сутегі) химиялық энергиясын жағу процесінсіз, оттегімен тікелей реакцияға түсіру арқылы электр тоғына айналдыратын генерациялық жүйе. Қазіргі таңда бұл салада Bloom Energy және FuelCell Energy компаниялары негізгі ойыншылар болып отыр.
Мәселен, Bloom Energy қатты оксидті технологиямен жұмыс істейді және 100 пайыз таза сутегін пайдалануға дайын. Ал оның бәсекелесі саналатын FuelCell Energy балқытылған карбонатты технологияны қолданады әрі әзірге 40 пайыздық сутегі қоспасына дейін бейімделген. Екі жүйе де отын түрін икемді пайдалануға мүмкіндік береді. Оған қоса, дәстүрлі газ станцияларымен салыстырғанда бұл қондырғылар жанбай жұмыс істейтіндіктен, зиянды қалдықтарды әлдеқайда аз бөледі.
Дәстүрлі желілердегі кезек және уақыт факторы
Жасанды интеллект есептеулері мен салқындату кешендері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін қуат көздерін талап етеді. АҚШ-тың орталық электр желілеріне мұндай үлкен жүктемемен қосылу рәсімі 3 жылдан 6 жылға дейін созылуда. Мұндай ұзақ мерзім технологиялық компанияларды нысанның дәл жанынан жеке автономды станциялар салуға мәжбүрлеп отыр.
Компания басшылары бәсекелестік кезеңінде жылдамдық бағасы шығын көлемінен де асып түсетінін ашық айтады.
«Электр қуатын алуға кететін уақыт қазір оның өзіндік құны сияқты аса маңызды факторға айналды», – деді FuelCell Energy бас атқарушы директоры Джейсон Фью.
Фью мырзаның айтуынша, алдағы екі-үш жылда деректер орталықтары компания табысының 75-85 пайызын құрауы мүмкін. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 25-30 пайыз деңгейінде ғана.
Bloom Energy басшысы К.Р. Шридхар да жобаларды іске қосу қарқынына назар аударды. Оның мәліметінше, бұлтты сервистер алыбы саналатын Oracle компаниясының Юта штатындағы нысанына электр қуаты келісімшарттан кейін екі айға жетпейтін мерзімде берілген. Ал Nebius жобасы үшін жергілікті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге үш ай ғана уақыт кеткен. Rystad талдаушыларының болжамынша, 2030 жылға қарай АҚШ-тағы жаңа деректер орталықтарының шамамен 40 пайызы жалпы желіге телмірмей, дербес жергілікті генерацияға иек артуы мүмкін.
Қаржылық өсім және келісімшарттар
Сұраныстың қарқын алуы нарық қатысушыларының қаржылық жағдайына да оң әсер етуде. Bloom Energy үшінші тоқсандағы табысын өткен жылмен салыстырғанда 138 пайызға ұлғайтып, 1,24 миллиард долларға жеткізді. Нәтижесінде кәсіпорын өткен жылғы 23,1 миллион доллар шығынның орнына 250,3 миллион доллар таза пайда тапты. Сонымен қатар жылдық табыс болжамын 4,4–4,6 миллиард доллар аралығына дейін көтерді.
Oracle компаниясы қазірдің өзінде 2,8 гигаватқа дейін отын элементтерін сатып алуды жоспарлап отыр, оның 1,2 гигаватына ресми келісім жасалды. Сарапшылардың дерегінше, сала бойынша жалпы тапсырыстар көлемі шамамен 9 гигаватқа жеткен.
Дамуға тұсау болатын кедергілер
Жоғары қарқынға қарамастан, саланың алдында бірқатар шектеулер бар. Rystad болжамы бойынша, отын элементтерін өндіру қуаты 2030 жылға қарай қазіргі 1,8 гигаваттан 4 гигаватқа дейін ғана өседі. Мұның өзі өсіп келе жатқан сұранысқа толық жетер-жетпес болуы мүмкін.
«Қуаты 100 мегаваттан асатын ірі жобаларда басты кедергі технологияның өзі емес. Көбінесе құрылыс алаңының дайындығы, рұқсат алу процесі мен қосымша инфрақұрылым уақытты алады», – деді Bloom коммерциялық директоры Аман Джоши.
Әрбір дербес станцияны іске қосу үшін газ желісі, трансформаторлар мен тиісті коммутациялық жүйелер қажет. Бұған қоса, ірі технологиялық гиганттар көміртегі бейтараптығы жөніндегі міндеттемелерін орындау үшін ұзақ мерзімде табиғи газдан таза «жасыл» сутегіне өтуі тиіс. Әзірге сутегі нарығы толық коммерцияланбағандықтан, ЖИ инфрақұрылымы уақытша газ желілеріне сүйенуге мәжбүр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







