АҚШ билігі Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбанның кандидатурасын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына ұсынуды қарастырып жатыр деген ақпарат халықаралық дипломатияда үлкен дау туғызды. Әлемдік деңгейдегі ең беделді ұйымның тізгінін Кремльдің ығына жығылып, ортақ шешімдерге ұдайы вето қоюмен аты шыққан даулы саясаткерге тапсыру идеясы бірден өткір сынға ұшырады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәскеу мен Бейжіңнің «көктен іздеген» үміткері
Америкалық The Wall Street Journal басылымы үш бірдей мемлекеттегі дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап, Ақ үйдің Орбанды осы жоғары қызметке өткізуге ниетті екенін жариялады. Мәлімет бойынша, америкалық консерваторлардың көңілінен шыққан бұл бастаманы Ресей мен Қытай билігі де қызу қолдап отырған көрінеді.
Кремль мен Бейжіңнің бұған қуана келісуінің өз сыры бар. Виктор Орбан жылдар бойы Еуропалық одақтың ішінде Мәскеудің сойылын соғып, ортақ қауіпсіздік шешімдеріне ашықтан-ашық тосқауыл қойып келген саясаткер. Халықаралық нормалар мен адам құқықтарын аяққа таптаған режимдер үшін жаһандық трибунаның төріне дәл осындай ыңғайлы әрі мәмілеге бейім тұлғаның отырғаны өте тиімді.
«Кофеге шақыру» тәжірибесі: Киевтің өткір мысқылы
Украина тарапы саяси арсыздықты кәсіпке айналдырған венгр саясаткерінің жаһандық ұйымды басқаруға мүлде құқығы жоқ екенін еске салды.
Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига оның Еуропада жүріп маңызды шешімдердің күлін көкке ұшырғанын және мемлекеттер арасындағы бірлікке сына қаққанын атап өтті. Министр кезінде Орбанды ығыстыру үшін қолданылған дипломатиялық айланы еске салып, әлемге өздерінің ащы тәжірибесін ұсынды.
«Біз әлемнің өзге елімен қажетті сәтте оны қалай кофе ішуге шақыру керектігі жөніндегі бай тәжірибемізбен бөлісе алар едік», – деді Андрей Сибига.
Бұл мысқыл 2023 жылғы Еуроодақтың тарихи саммитіне тұспа-тұс келеді. Сол кезде Украинаның одаққа өтуіне жалғыз Орбан ғана көлденең тұрып, табандап қарсы болған еді. Германияның сол кездегі канцлері Олаф Шольц дауыс беру кезінде Венгрия премьерін «сыртқа шығып, кофе ішіп келуге» көндіріп, ол залдан шыққан сәтте қалған 26 мемлекет шешімді бірауыздан қабылдап үлгерген болатын.
Ұйымды күйретуге бағытталған қауіпті қадам
Виктор Орбан – дипломатияны біріктіру құралы ретінде емес, өзінің жеке бас пайдасы мен ішкі популизміне бағытталған шантаж тетігі ретінде көретін фигура. Өз одақтастарына қарсы үздіксіз вето қойып, әскери агрессияны қолдап келген адамның БҰҰ-ны басқаруы – өрт сөндіру қызметіне қасақана от қоюшыны бастық етіп тағайындаумен бірдей.
Қазірдің өзінде геосаяси қақтығыстардың алдында дәрменсіз болып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымына шешім қабылдауға қауқарлы, халықаралық құқықты қорғайтын қайсар көшбасшы керек. Ал өз еліндегі проблемаларды сыртқа шашып, агрессорлардың алдында құрдай жорғалайтын Орбанның Бас хатшы болуы бұл ұйымның беделін түпкілікті жермен-жексен етуі мүмкін. Ондай жағдайда әлем елдеріне кез келген халықаралық дағдарыс кезінде жаңа хатшыны кофеге жөнелтуден басқа амал қалмайтын шығар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







