9 желтоқсан — белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтің туған күні. Тасмағамбетовтің саяси образына халықтың көзқарасы екіұшты: бірі оны тіпті «болашақ президент» ретінде көрсе, бірі «ескі жүйенің адамы» деп санайды.
Осындай атаулы күні ErtenMedia.kz қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшімнен Иманғали Тасмағамбетов туралы бірер ауыз пікір сұрады.
Дос Көшімнің пікірінше, Иманғали Тасмағамбетов — өз кезіндегі билікке, өз кезіндегі жүйеге қызмет еткен адам.
«Ол сол уақыттарда сол жүйеге беріле қызмет етті. Жіберген, жұмсаған жақтарының бәрінде барынша жақсы қызмет көрсетуге тырысты. Қақ-соқпен ісі жоқ. Қылмыстық істерін ешкім естімеген. Ең бастысы қазақ халқына деген жақсы көзқарасы бар басшылардың біреуі», — дейді Дос Көшім Тасмағамбетов туралы.
Саясаткер қоғамда Тасмағамбетовке қатысты жағымсыз пікір неліктен қалыптасқанын да түсіндірді.
«Иманғали туралы әңгіме көп шығатын себебі: «егер ол жақсы болса, неліктен авторитарлық жүйеге қызмет етті?» деген сауал. Ол кезінде тоталитарлық жүйеге де қызмет етті. Қазақстандағы Комсомолдың бастығы болды. Ал Комсомол дегеніміз Коммунистік партияның інісі дейміз бе, екінші кезектегі резерві деп айтуға болады. Сондықтан ол сол жүйеге де беріліп қызмет етті. Одан кейін автократиялық жүйеге 33 жыл бойы қызмет етті. Барынша, беріле қызмет етті. Сондықтан адамдарда «егер жақсы адам болса, неге осы жүйеге қарсы шықпайды?» деген сұрақ туындайтын сияқты», — деді Дос Көшім.
Қоғам қайраткері Дос Көшім Тасмағамбетовте кейбір танымал тұлғалар сияқты «екіжүзділік жоқ» деген пікірде.
«Әр адамның өзінің таңдауы бар. Сол жүйеде міндетті түрде тек жаман адамдар болады деп айта алмаймын. Сол жүйеге беріле қызмет еткен көптеген азаматты білемін. Қайта мен соларды сыйлаймын. Себебі кейбіреулері «ескі Қазақстанда жаман болды, қазір жақсы, мен қазір Жаңа Қазақстанмын» дегенді айтып жүр. Өзі сол ескі Қазақстанда жұмыс істеп, Назарбаевтың қасында болған адамдар «соған қарсы шықтық» сияқты мәселені көтеріп жүр. Тасмағамбетов билікте қандай жүйеде болса да, сол жүйеге (ескі жүйеге — еск.) қызмет ететін көзқарасында, ұстанымында қалды. Екіжүзділікті қабылдамаған сияқты. Оған нені айтса, оны айтсын, «мен осы жүйенің бағытында қаламын» деген сияқты», — деп түсіндірді саясаткер.
Сондай-ақ, Дос Көшім Иманғали Тасмағамбетов тұңғыш президент Назарбаев жасаған тұлға екенін айтты.
«Тасмағамбетовтің ең бір атақты сөзінің бірі: «мен Назарбаевтың продуктісімін». Былайша айтқанда, мені Назарбаев жасап шығарды деген сөз ғой. Оны біреулер мазақ қылған сияқты айтады. Иә, оны Назарбаев жасап шығарды. Сондықтан ол сол уақыттарда Назарбаевтың бағытымен жүрді, содан ажыраған жоқ. «Жаңа Қазақстанмын» деп ұран салғанын естіген жоқпын. «Әділетті Қазақстан жасаймыз» дегенін естіген жоқпын. Қайта соны айтқан адамдардан оқ бойы жоғары тұрды», — деді ол.
Саясаткер өзінің жеке көзқарасын да білдіріп, «баррикаданың екі жағында тұрсақ та, оны сыйлаймын», — деді.
«Бірақ менің саяси көзқарасыма қарсы адам. Алайда оның адамшылығын, адамгершілігін еш уақытта жоққа шығарған жоқпын. Мен оның ұстанымын сыйлауым керек. Иә, екеуміз баррикаданың екі жағында шығармыз. Сондықтан адамдарға осы мәселені түсіну керек. Менің ойымша, ол сол жүйеге өле-өлгенше қызмет ететін адам болып қалады», — деп түйіндеді саясаткер.
Тасмағамбетов туралы дерек
Иманағали Тасмағамбетов 68 жаста. Ол Назарбаевтың кеңесшісі, премьер-министр орынбасары, Атырау облысының әкімі, Алматы қаласының әкімі, Астана қаласының әкімі, қорғаныс министрі секілді жауапты қызметтерді атқарды.
Тасмағамбетов әлі күнге дейін саяси аренадан алыстамады. Кейінгі жылдары елшілік қызметтерде де болды. 2017 жылғы 3 ақпаннан 2019 жылғы 18 желтоқсанға дейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі болды.
Қазір ол — ҰҚШҰ бас хатшысы.