Қазақстандықтар соңғы жылдары баспананы ипотека арқылы жиі ала бастады. Кейінгі үш жылда тұрғын үй қарыздарының көлемі бір жарым есе өскен. Алайда бұл жылжымайтын мүлік қолжетімді болды деген сөз емес. Керісінше, сарапшылар көп отбасы үшін ай сайынғы төлем барған сайын ауыр жүкке айналып бара жатқанын айтады, деп хабарлады Ertenmedia.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Ипотекалық қарызға сұраныс әлі де жоғары. Ұлттық банк дерегінше, қазақстандықтардың банктер алдындағы тұрғын үй қарызы 7 триллион теңгеден асып кеткен. Нарықта Астана, Алматы және Шымкент бұрынғыдай көш бастап тұр. Ал соңғы үш жылдағы ең қарқынды өсім Жетісу, Ұлытау және Түркістан облыстарында байқалған. Бұған халықтың осы өңірлерге көптеп ағылуы әсер еткен.
Дегенмен ипотеканың көбеюі баспанаға қол жеткізуді жеңілдеткен жоқ. Керісінше, мәмілелердің жалпы сомасы да, саны да төрттен біріне жуық қысқарған.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак қазіргі жағдайда ипотека көп адамға ауыр тиіп отырғанын айтады.
«Қазіргі жағдайда коммерциялық банктердің ипотекасы жеңілдігі бар ма, жоқ па, бәрібір халық табысының төмендеуін жаба алмай отыр. Статистика бойынша биыл тұрғындардың табысы 6 пайызға азайған. Сондықтан қазақстандықтар ипотекаға аз өтініш бере бастады. Өйткені ай сайынғы төлемді есептеп берген кезде, көп адам қарыз алудан бас тартады. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың мұндай төлемді ай сайын төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ», — дейді Александр Пак.
Жақында қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы «артық» қаражатты алу мүмкіндігі де едәуір шектелді. Бірақ сарапшылар мұның өзі сұранысты күрт төмендетеді деп есептемейді.
Экономист Бекнұр Кисиковтың айтуынша, жылжымайтын мүлік бағасы бұрынғыдай шарықтамауы мүмкін, бірақ оның күрт құлдырауы да екіталай.
«Иә, бәлкім, жылжымайтын мүлік бағасы қатты өспейтін шығар, бұрынғыдай қызу қарқын болмайды. Бірақ баға күрт түсіп кетеді деп те айта алмаймын. Нарық біртіндеп түзелуі мүмкін. Өйткені жылжымайтын мүліктің өз логикасы бар. Тіпті сатылмай тұрса да, иелері нарықты құлатпау үшін оны ондаған жыл ұстап отыра алады. Себебі бір жерде баға құласа, бүкіл көпіршік жарылуы мүмкін», — дейді экономист.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы бір жылда жылжымайтын мүлік нарығы салыстырмалы түрде тұрақты қалуы ықтимал. Жаңа үйлер инфляция деңгейінде қымбаттай беруі мүмкін, ал қайталама нарықта тоқырау байқалуы ғажап емес. Негізгі сұраныс орта баға сегментіндегі пәтерлерге түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






