Иран соққыға ұшыраған ядролық нысандарға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік инспекторларын кіргізу үшін арнайы регламент әзірленуін талап етті. Тегеран қауіпсіздікті алға тартса, МАГАТЭ бір жылға жуық уақыттан бері байытылған уранның көлемі мен орналасқан жерін тексере алмай отырғанын мәлімдеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Иранның Атом энергиясы ұйымының басшысы, елдің вице-президенті Мұхаммад Ислами әскери шабуылдан зардап шеккен нысандарды бұрынғы тәртіппен тексеру мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, агенттік алдымен соғыс кезінде бүлінген ядролық кешендерге инспекция жүргізудің арнайы ережесін әзірлеп, бекітуі керек. Қауіпсіздік кепілдігі мен құқықтық тәртіп айқындалмайынша, МАГАТЭ инспекторларына рұқсат берілмейді.
Зақымдалған ғимараттарда құлау, химиялық ластану, жарылмаған оқ-дәрі және радиациялық қауіп болуы ықтимал. Тегеран осындай ортаға инспектор жіберу олардың өміріне және ядролық материалдың сақталуына қатер төндіреді деп санайды.
Иран тарапының уәжі техникалық қауіпсіздікпен ғана шектелмейді. Тегеран МАГАТЭ-ден АҚШ пен Израильдің ядролық нысандарға жасаған соққыларына қатысты нақты саяси-құқықтық ұстаным білдіруді талап етіп отыр. Ислами агенттік шабуылды айыптамай тұрып, бүлінген кешендерге кіруді талап етуі әділетсіз екенін мәлімдеді.
Ирандық шенеунік МАГАТЭ кепілдіктерінің 68-бабында табиғи апаттан зақымданған нысандарды тексеру тәртібі қарастырылғанын айтты. Алайда соғыс пен әскери соққыдан кейінгі инспекцияға арналған жеке ереже жоқ. Сондықтан Тегеран жаңа регламентті агенттік пен Иран арасындағы келісімнің міндетті шартына айналдыруға тырысып отыр.
Бақылау спутниктік суретке сүйенуде
Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі МАГАТЭ әскери шабуылдың заңдылығына қатысты ұстанымын айқындауы керек деген сөзін келтірді. Тегеран ядролық нысанға соққы жасауға болмайтын болса, агенттік оны ашық айыптап, соғыстан кейінгі бақылау тәртібін белгілеуге тиіс деп есептейді. Мұндай талап инспекция мәселесін техникалық рәсімнен саяси келіссөз тетігіне айналдырып отыр.
МАГАТЭ-нің ұстанымы бұдан өзгеше. Агенттік Иран Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы ретінде ядролық материалды бақылауға мүмкіндік беруге міндетті екенін ескертеді. Қауіпсіздік жағдайы инспекция уақытын өзгертуі мүмкін болғанымен, Тегеранның кепілдіктер жөніндегі халықаралық міндеттемесін жоймайды.
2025 жылғы маусымда Израиль Иранның бірнеше ядролық және әскери нысанына соққы жасады. Кейін АҚШ Фордо, Натанз және Исфахандағы кешендерді нысанаға алды. МАГАТЭ сол кезде аталған үш ядролық нысанға шабуыл жасалғанын ресми растады.
Агенттік мәліметінше, Натанздағы уран байыту инфрақұрылымы, Исфахандағы уранды конверсиялау кешені және Фордоның жерасты нысаны түрлі деңгейде зақымданған. МАГАТЭ кей ғимарат ішінде жергілікті радиациялық және химиялық бөліну болғанын хабарлады. Алайда нысандардың сыртындағы радиация деңгейінің көтерілгені тіркелмеген.
2025 жылғы 13-24 маусым аралығындағы шабуылдардан кейін агенттік Ирандағы далалық тексеру жұмысын тоқтатты. Инспекторлар қауіпсіздік жағдайына байланысты елден шығарылып, бақылау спутниктік сурет пен ашық дерекке сүйеніп жүргізілді. МАГАТЭ-нің ресми есебінде ядролық материал болған жеті нысанның зақымданғаны көрсетілген.
Олардың қатарында Фордо және Натанздағы байыту зауыттары, Натанз пилоттық кешені мен Исфахандағы уран конверсиялау нысаны бар. Ядролық отын және отын пластиналарын шығаратын кәсіпорындар да зардап шеккен. Қондабтағы салынып жатқан ауыр су реакторы соққыға ұшырағанымен, онда ядролық материал болмаған.
Кейін инспекторлар шабуыл жасалмаған жарияланған нысандарға қайта кіре бастады. Мұхаммад Исламидің айтуынша, МАГАТЭ бүлінбеген нысандардағы тексеруін жалғастырып отыр. Натанз, Фордо және Исфахан секілді соққы тиген негізгі кешендер бақылаудан тыс қалды.
МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси зақымдалған нысандарға кірмейінше ядролық материалдың нақты көлемін, орналасқан жерін және қозғалысын мамандар тексере алмайтынын айтты. Тексерудің үзілуі уақыт ұзарған сайын бұрынғы есеп пен қазіргі жағдайдың арасындағы ақпараттық алшақтықты тереңдетеді.
Тегеранның саяси шарттары
2026 жылғы маусымдағы МАГАТЭ мәлімдемесіне сәйкес, агенттік әскери шабуылдан зардап шеккен жарияланған ядролық нысандарға бір жылға жуық кіре алмаған. Соның салдарынан бұрын есепке алынған материал жөніндегі үздіксіз бақылау тізбегі жоғалды. Агенттік оны ядролық қарудың таралу қаупін күшейтетін мәселе деп бағалағанын айта кетуіміз керек.
МАГАТЭ бақылауында болған қордың ішінде 60 пайызға дейін байытылған шамамен 440 келі уран бар. Мұндай деңгей ядролық қаруға қажет межеге жетпегенімен, азаматтық реактор отынына қолданылатын көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оны қарулық деңгейге дейін байытуға кететін технологиялық жол да қысқара түседі.
Агенттік Иран ядролық қару жасау туралы шешім қабылдады деп мәлімдеген жоқ. Негізгі мәселе халықаралық инспекторлардың ядролық материалдың қайда тұрғанын және қалай пайдаланылып жатқанын растай алмауында болып тұр. Ақпараттың жоқтығы күдік пен саяси болжамды көбейтіп, жаңа әскери әрекетке сылтау беруі мүмкін.
Тегеран үшін арнайы регламент дипломатиялық қалқанға айналып отыр. Иран сол арқылы ядролық нысандарға шабуыл жасаудың халықаралық салдарын күн тәртібіне шығарғысы келеді. Сонымен бірге инспекцияға рұқсатты МАГАТЭ мен Батыс елдеріне қысым жасайтын келіссөз құралы ретінде ұстап қалуда.
МАГАТЭ үшін жаңа ережені талқылауға келісудің өз тәуекелі бар. Агенттік әскери соққыдан кейінгі инспекцияға жеке тәртіп енгізсе, өз мандатын нақтылап, мамандардың қауіпсіздігін күшейте алады. Алайда Тегеранның саяси шарттарын қабылдау халықаралық кепілдіктер жүйесін әр мемлекеттің жеке талабына тәуелді етуі ықтимал.
Қазіргі даудың өзегінде инспектордың нысанға қашан кіретіні ғана тұрған жоқ. Мәселе Иранның байытылған уран қорына халықаралық бақылау қайта орнай ма, әлде ядролық бағдарлама жабық кеңістікке өте ме деген сауалға тіреледі. Бақылау қалпына келмесе, Таяу Шығыстағы ядролық дағдарыс дипломатиядан алыстауы мүмкін.
Иран инспекцияны ұзақ уақыт бөгесе, өз бағдарламасының бейбіт сипатын дәлелдеу мүмкіндігін әлсіретеді. МАГАТЭ ядролық нысандарға жасалған соққылардың қаупін ашық мойындамайынша, Тегеран да бұрынғы бақылау тәртібіне оралғысы келмеуде. Осылайша қираған кешендер айналасындағы физикалық қауіп біртіндеп халықаралық сенім дағдарысына ұласып барады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







