Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Түркия Ирактың солтүстігіндегі қарулы топтардың Иран аумағына өтуіне жол бермей, елді бөлшектеуге бағытталған сценарийді тоқтатуға көмектескенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Анкараның жедел дипломатиялық әрекеті аймақтық соғыстың жаңа майданға ұласуына кедергі болды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аббас Аракчи 40 күндік соғысқа арналған бейнеконференцияда қақтығыстың төртінші күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ирактың солтүстігіндегі бірқатар қарулы топтың жетекшілерімен байланысқанын айтты. Иран министрінің мәлімдеуінше, Вашингтон олардың Иранға құрлық арқылы кіру ықтималдығын қолдаған.
АҚШ әкімшілігінің Иран мен Ирактағы күрд топтарымен байланыс орнатқаны туралы бұған дейін де жазылған. The Washington Post пен Financial Times дерегінше, Вашингтон Иран билігіне қарсы күрд жасақтарын жұмылдыру мүмкіндігін қарастырып, кей топтарға әуе және логистикалық қолдау мәселесін талқылаған. Алайда ресми келісім жасалғаны жөнінде нақты ақпарат жарияланбады.
Аракчи қауіп туралы мәлімет алған соң Ирактың Күрдістан аймақтық әкімшілігіне, Ирак Премьер-министрі мен Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фиданға жүгінгенін жеткізді. Тегеран көрші мемлекеттерге қарулы топтардың қозғалысы Иранның аумақтық тұтастығына қауіп төндіретінін хабарлаған.
Иран министрінің айтуынша, Түркия бұл мәселеде қатаң ұстаным танытты. Анкара Вашингтонмен келіссөз жүргізіп қана қоймай, Иранға қарсы құрлық операциясына қарулы күрд құрылымдарының қатысуына ашық қарсылық білдірген.
Reuters те Түркияның Иранға күрд содырларын кіргізу жөніндегі ұсынысты тоқтатқанын жазды. Агенттік бұл жағдайдың Анкара мен PKK арасындағы бейбіт үдеріске де ықпал етіп, тараптар арасындағы келіссөзді уақытша тұралатып қойғанын хабарлады.
Түркия үшін мұндай сценарий Иранның ғана емес, өзінің ұлттық қауіпсіздігіне де қатер төндіретін еді. Ирак пен Ирандағы қарулы топтардың күшеюі Түркия аумағындағы күрд мәселесін қайта ушықтырып, шекаралық өңірде жаңа тұрақсыздық белдеуін қалыптастыруы мүмкін.
Режеп Тайып Ердоған да Иран төңірегіндегі соғыс кезінде ашылған байланыс арналары ауқымды дағдарыстың алдын алуға көмектескенін айтқан. Оның сөзінше, түрік, күрд, араб және парсы халықтарын бір-біріне қарсы қоюға бағытталған «қанды ойынның» қалай тоқтатылғаны уақыт өте анық көрінеді.
Тегеран ұсынған тұжырым әзірге Иран тарапының ресми нұсқасы саналады. Дегенмен Түркияның ықтимал құрлық интервенциясына қарсылық білдіргені жөніндегі халықаралық деректер Анкараның соғысты шекарадан асырып, этносаралық қақтығысқа айналдырмауға мүдделі болғанын көрсетеді.
Осылайша Түркия Иранға тікелей әскери көмек көрсетпей-ақ, дипломатиялық және қауіпсіздік арналары арқылы қақтығыстың ауқымын шектеуге тырысты. Анкараның басты мақсаты Иранның бөлшектенуіне жол бермеу ғана емес, бүкіл Таяу Шығысты қамтитын жаңа тұрақсыздық толқынын тоқтату болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







